Жаңалықтар

Петропавлда 16 млн-ға жуық теңгенің вейптері тәркіленді

Петропавлда 16 млн-ға жуық теңгенің вейптері тәркіленді
Фото: СҚО Полиция департаменті 19.07.2024 23:01 788

СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі күнде Петропавл қаласында вейптерді заңсыз сатудың үш фактісін анықтады. Тәртіп сақшылары 16 млн-ға жуық теңгенің вейптерін тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жедел уәкілдері тыйым салынған заттарды саудалаған Интернациональная көшесіндегі бутиктердің бірін анықтаған. Тінту кезінде екі маркадағы 150 вейп тәркіленді. Тәркіленіп алынған заттардың жалпы сомасы 2 миллион 400 мың теңгені құрады.

Дәл сол күні Алтынсарин көшесінде 19 жастағы қала тұрғынынан 197 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 542 құты табылды Тәркіленген заңсыз тауардың жалпы сомасы 7 миллион теңгені құрады. Жас жігіт аталған тауарды сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, оларды сатып келген, бұл ісін іске асыру үшін Telegram мессенджерін пайдаланған.

Бұдан бөлек, Добровольцев көшесінің бойында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Volkswagen автокөлігінің 19 жастағы жолаушысынан түрлі маркадағы 272 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 130 құтыны анықтады. Тәркіленген заттардың жалпы сомасы 6 миллион 220 мың теңгеге бағаланып отыр. Жас жігіттің айтуынша, ол да заңмен бұл тауарға тыйым салынғанын білген, бұған қарамастан танымал мессенджердегі каналды пайдаланып, осы өнімдерді сатып келген. Барлық үш факті бойынша да сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, тергеу жүріп жатыр,-делінген полиция мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға