Жаңалықтар

«Персеид түнін» қашан тамашалаймыз?

Ертең Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары қала сыртына шығып, «Персеид түнін» тамашалай алады.
11.08.2016 11:46 4108

«Персеид түнін» қашан тамашалаймыз?Ертең Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары қала сыртына шығып, «Персеид түнін» тамашалай алады. «Алматылықтар үшін Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайына түнгі сағат 22.00-ден 7.00-ге дейін жұмыс істейтін шатл-бас ұйымдастырылуда. Ал, астаналықтар «Астана-Көкшетау» трассасының 30-шақырымына жиналмақ» деп хабарлайды Қазақ Географиялық Қоғамы.

Персеид жұлдыздар ағыны (астрономиялық құбылыс) жер мен Свифт-Таттл кометасының тұспа-тұс келуінің әсерінен пайда болды. Одан бөлініп шығатын мұз қиыршықтары мен шаң-тозаңның жер атмосферасында жанып кетуі жұлдызды жаңбыр болып көрінеді.

«NASA» мамандарының болжамына сенсек, биыл «жұлдызды шоу» ерекше қанық болмақ. 11-нен 12 тамызға қараған түні аспаннан сағатына 200 метеорды көруге болады.

Дүниежүзілік метерологиялық ұйымының (IMO) хабарлауынша, «жұлдыздар шоуын» жазық алаңқайда тамашалаған әсерлі болмақ. Қалалықтарға осы ғажайып көріністі қала сыртына шығып қарауды ұсынады. Өйткені қала шамы мен биік нысандар құбылысты айқын көруге кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, қараңғылыққа 20 минуттай қарап көзді үйреткен жөн.

Қала сыртына шыға алмайтындар үшін «NASA» өзінің ресми сайтында тікелей трансляция таратады. Естеріңізге сала кетейік, «Персеид түнін» 24 тамызға дейін бұлтсыз аспаннан көруге болады.


Фото: Вадим Балакин

Ая Өміртай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға