Жаңалықтар

Педофилдерге химиялық кастрация жасалады

Мәселе
10.11.2016 12:36 4306

Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Асанов елімізде жыныстық зорлық-зомбылық көргендер жайлы нақты статистикалық мәліметтермен бөлісті. Бұл туралы Бас Прокуротураның баспасөз қызметі жариялады.

 Педофилдерге химиялық кастрация жасалады

Коллегияда сөз алған Бас Прокурор Қазақстанда биыл 183 бала қылмыскерлердің құрбаны болғанын айтты.

«Бұл көрсеткіш өткен жылдан әлдеқайда аз болса да (37% - 292), оны, әрине, құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Әрбір жағдай – қоғам үшін үлкен трагедия, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына салынған жазылмас жара. Аузынан ана сүті кеппеген баланы зорлау – нағыз азғындық. Мұндай қылмыс жасағандарды мемлекет аяусыз жазалайды – 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырады. Олардың жазасы жеңілдетілмейді. Сотталғандар уақытынан бұрын босатылмайды, амнистияға жатпайды, олармен ешқандай процестік келісім жасалмайды. Жаза мерзімін толық өтейді» – дейді ол.

Бас Прокурордың айтуынша мұндай қылмыскерлер балалармен жұмыс жасау құқығынан өмір бойына айырылады. Жақып Асанов  Әлемде 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көретінін айтты. Әрбір үшінші қыз бала 18-ге толғанға дейін жыныстық зорлықтың құрбаны болаты деген мәліметпен бөлісті.

Педофилдерге химиялық кастрация жасалады 

«Бұл ғаламдық проблема. Онымен барлық мемлекеттер күресуде. Биылғы жылы мұндай қылмысы үшін Қазақстанда 111 адам сотталды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлеу» – дейді Ж. Асанов.

Құқықтық статистика комитетінің infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдардың картасы іске қосылды. Онда олардың фотосуреті мен анкетасы бар. Бұл сервисті кез-келген адам еркін пайдалана алады.

«Көп жағдайда қылмыскерлердің арам ниетін жүзеге асыруға негізгі себеп – ересектердің мұқиятсыздығы» – дейді Бас Прокурор. – Санасы толық бекімеген, әр нәрсеге сенгіш, көнгіш жас бала сырттан келер қауіпті қайдан білсін? Сондықтан қараусыз қалған бүлдіршін – қылмыскерге оңай олжа.

Педофилдерге химиялық кастрация жасалады 

Бүгінгі үндеуінде Бас Прокурор ата-ананларға арнап балалардың қауіпсізідігін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше кеңес ұсынды:

Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпсіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

Екіншіден, жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабарласып, шара қолданыңыз.

Үшіншіден, кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу – оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақын арада іске қосылатын «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильдік қосымшадан алуға болады.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға