kurs.kz

Педагогтердің жалақысы тағы өсе ме?

Оқу-ағарту министрлігі алдағы жылдары мұғалімдердің жалақысы қайтадан өсе ме деген сұраққа ресми жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы педагогтердің еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Ал мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің жалақысы осы кезеңде 130%-ға артқан.

Министрлік 2026 жылға жоспарланған мүмкін өсімге қатысты нақты шешім әлі қабылданбағанын айтты.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 73-бабына сәйкес, мемлекеттік бюджет шығыстарын ұлғайту жөніндегі кез келген бастама Республикалық бюджет комиссиясының қарауынан өтуі тиіс, - деп көрсетілген ресми жауапта.

Яғни педагогтердің жалақысына қатысты жаңа өзгерістер тек комиссия қаралғаннан кейін ғана белгілі болады.

Бұған дейін, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтердің айлығы төрт жыл қатарынан жыл сайын 25%-дан көтерілген еді. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап тәрбиешілер мен балабақша педагогтерінің жалақысы Президент тапсырмасына сәйкес қосымша 30%-ға өсті.