Жаңалықтар

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына өтінім қабылдау жалғасуда

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына өтінім қабылдау жалғасуда
Фото: t.me/oqu_agartu 30.07.2024 07:39 499

Биыл сәуір айында басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық байқауының өңірлік кезеңі жалғасуда, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметінше, еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысу үшін 350 өтінім келіп түскен. Қызығушылық танытушылардың арасында Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының педагогтері белсенді. Өтінімдер бейнесабақтар, бейнедәрістер және практикалық жұмыстар түрінде қабылданады. Ең танымал бағыттар: оқу сауаттылығы, ерте сауаттылық және цифрлық сауаттылық. 

Байқау мақсаты – заманауи педагогикалық тәжірибе мен оқушылардың сауаттылығын дамыту саласындағы үздік тәжірибелерді педагогтер арасында тарату.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы ұстаздар арасында үлкен танымалдылыққа ие. Жеңімпаздардың жұмыстары «Өрлеу білім беру арнасы» YouTube-арнасында жарияланады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі және жеңімпаздар 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ марапаттау құжаттары біліктілік санатын тағайындау немесе растау үшін аттестаттау кезінде ескеріледі, – деді Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының басқарма төрайымы Айдана Шилібекова.

Өңірлік кезеңге қатысу үшін өтінімдер 15 қазанға дейін ppi.orleu-edu.kz сайтында қабылданады. Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстардағы және Шымкент, Алматы, Астана қалаларындағы филиалдарынан білуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға