Жаңалықтар

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ 18.05.2023 16:30 2218

«Еуразиялық топқа» (ERG) қарасты Павлодардағы қос кәсіпорын жұртшылыққа есігін айқара ашып, қонақтарға жаңа мүмкіндік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

17 мамырдан бастап Павлодар алюминий және Қазақстандық электролиз зауыттары жаңа тур ашты. Қонақтар еліміздің алюминий кластерінің бірегей кәсіпорындарына саяхаттап, өнеркәсіптің тыныс-тіршілігімен танысады.

Алғашқылардың бірі болып республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Солардың ішінде біз де болдық. Әр сәтіміз санаулы болғасын, бір күнде екі кәсіпорынды аралап үлгеру керек болды. Алдымен Павлодар алюминий зауытына бардық. Онда бізге қауіпсіздік бойынша нұсқаулық түсіндіріп, зауыт туралы бейнеролик көрсетілді.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Павлодардағы алюминий зауыты Қазақстанда алюминий тотығын (алюминий өндіруге арналған шикізат) өндіретін жалғыз кәсіпорын. Сондай-ақ, Павлодар облысының ірі жұмыс берушісі болып табылады. Өндіріс 1964 жылы құрылған. Зауытта 4 мыңға жуық қазметкер еңбек етеді. Жылына 1.4 миллион тонна Al2O3 алюминий тотығы өндіріледі. Кәсіпорын Қостанай және Павлодар облыстарындағы кеніштерде өндірілетін боксит пен әктастан алюминий тотығын шығарады.

Алюминий зауытында жүк көтерімділігі 90 тоннадан асатын тау-кен техникасы, 600 мың тонна шикізатқа арналған қойма бар. Алпауыт техникалармен боксит өндіретін қойманы көрдік.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Бұл – шынжыр табанды бульдозер. Яғни, өздігінен жүретін жер қазу машинасы. Техниканы боксит өндіруде де қолданады. Отын багының көлемі – 900 литр. Сағатына 90 литрге дейін жанар-жағармай кетеді.  Шикізатты екі жүз метрге дейін жылжытуды жүзеге асырады.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Көпфункционалдылық техникалар болғандықтан, көптеген жұмыстарды орындау үшін пайдалануға болады.

Бұл жерден боксит шығарылады. Өнім бірнеше үгіту кезеңдерінен үлкен уатқыштарда үгітіледі. Зауытта байытылып, әртүрлі технологиялық процестен өткен боксит кенінен алюминий тотығын өндіреді. Аталған алюминий тотығынан электролиз әдісімен бастапқы алюминий металын шығарады.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Біз бокситтің екі түрін қолданамыз. Бокситтің қалай өндірілетінін және жалпы зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс процесін өз көзімен көремін деушілерге есігіміз ашық. Бұл зауыттардың ерекшелігі көп. Яғни, республикадағы дара тауарлық алюминий тотығы және бастапқы алюминий өндірушілері болып табылады. Сондай-ақ, ПАЗ алюминий тотығын бірегей «Байер-қақтау» схемасы бойынша шығарады. Мұны әлемде ешкім жасап көрмеген, – деді ПАЗ директоры Айтуған Ахметов.

Жыл сайын Краснооктябрь боксит кен басқармасынан шамамен 4,5 миллион тонна боксит түседі. Осы кеннен Павлодар алюминий зауыты шамамен 1,4 миллион тонна алюминий тотығын өндіреді.

Дүниежүзінде жоқ зауыт Павлодарда орналасқан деуіміздің себебі осында жатыр. Зауытта алюминий тотығын өндіру негізгі үш цехтан тұрады. Олар шикізат даярлау цехы, гидрометаллургия цехы және күйежентектеу цехы.

Күйежентектеу цехының бөлім бастығы Асылан Ерболсынұлының айтуынша, зауытқа қызығушылық танытып жатқан шетелдік компаниялар да бар көрінеді.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Алюминий тотығы электролиз зауытына және Ресей мен Тәжікстан кәсіпорындарына жеткізіледі. Қазір ТМД елдерінің ішінде Ресей елі осыған көп қызығушылық танытып жатыр. Бізде 1 миллион 400 мың тонна алюминий тотығы өндіріледі. Оның 250 мың тоннасын электролиз зауыты алады. Қалғаны басқа мемлекетке экспортталады. Яғни, Тәжікстанға 130 мың тонна, ал Ресейге 714 мың тонна алюминий тотығы жіберіледі, – дейді бөлім бастығы.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Қытаймен де осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Украин мен Ресей арасындағы геосаяси жағдай әлеуметтік жағдайға да өз әсерін бергендіктен, Қытай мемлекеті де бізге қызығушылық танытты. Өнім жоспар бойынша өндіріліп жатыр. Биылғы жоспарда 1 миллион 400 мың тонна өнім алу жоспарда тұр. Келесі жылы 1,5 миллион тоннаға жеткізу ойда бар. 2025 жылғы дейін 1,6 миллион тоннаға жету керек, – деді  Асылан Ерболсынұлы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, зауыт негізгі үш цехтан тұрады. Соның бірі – №5 кальцийлеу учаскесінің гидрометаллургиялық цехы. Мұнда алюминий тотығын өндіру «байер» әдісімен жүзеге асады. Байер әдісімен бокситтен алюминий тотығын алу өндірісі бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Бокситті ұнтақтау, боксит қойытпағын сілтімен еріту, қызыл шламды қоюландыру және жуу.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Бұл цехта жалыны 1 200 градусқа дейін қызатын айналмалы көлденең бес пеш бар. Пештер үздіксіз, тоқтаусыз жұмыс істейді. Мұнда операторлар пештің температурасын, жұмысын арнайы компьютер арқылы бақылайды. Яғни, бақылау жүйесі толығымен автоматтандырылған. Сол себепті кез келген жоспардан тыс өзгерістер мен ауытқулар болмайды.

Қорыта айтқанда, боксит құрамынан алюминий тотығы күшті сілтілі ерітіндімен өңдеу арқылы алынады. Нәтижесінде сұйық алюминат ерітінді шығады. Алынған алюминат ерітіндісі алюминий гидроксидін береді. Әріқарай оны кальцинация пешіне жіберіп, алюминий тотығын алады.

Павлодардағы екі ірі кәсіпорынға өнеркәсіптік тур ашылды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға