Жаңалықтар

Павлодардағы 12 жасар ананың оқиғасы: Туысы күдікке ілінді

Павлодардағы 12 жасар ананың оқиғасы: Туысы күдікке ілінді
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 24.07.2024 00:32 1237

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылды. Қамауға алынды, – деді  Сәуле Шәкенева.

Қызды зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Іс сәуір айында тіркелген. Қазіргі уақытта сот-психиатриялық сараптама жүргізілуде. ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оқиға 19 шілдеде Шарбақты ауданында болған. Бұған дейін қыздың отбасын Галкин ауылдық округі әкімдігінің жедел әрекет ету тобы көпбалалы және аз қамтылған отбасы ретінде анықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Әкесі Галкин мектебіне жұмысқа орналастырылған.

Қыз аталған оқу орнында оқиды. Жүктілік фактісін мектеп әкімшілігі оқушылардың көктемгі демалысынан шыққаннан кейін анықтады. Бекітілген алгоритмге сәйкес аталған факті туралы ақпарат тиісті органдарға берілді. Қыз бен анасы бірден ауруханаға жеткізілді, – дейді басқармада. 

Қазіргі уақытта Шарбақты ауданының ішкі істер органдары тергеу жүргізуде. Тергеу шеңберінде ақпарат тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін жария етілмейді. Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды. Еңбек шарты бір жылға ұзартылған мектеп директоры зейнеткерлікке шыққаннан кейін мектепте жұмыс істеген. Жазда еңбек шарты мерзімі аяқталған кезде өз қалауы бойынша өтініш жазып, жұмыстан шыққан. 

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, оқушы 19 шілдеде облыстық перинаталдық орталыққа түскен, 20 шілде күні босанған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында 12 жасар қыз дүниеге сәби әкелген. Аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Жасөспірім тамыз айында 13 жасқа толады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға