Жаңалықтар

Павлодарда жаңа автобустар жақын күндері жұмысын бастайды

Павлодарда жаңа автобустар жақын күндері жұмысын бастайды
Фото: Павлодар облысының әкімдігі 03.01.2025 20:15 473

Павлодарға 12 жаңа жайлы автобус жеткізілді. Олар жақын күндері «Таксомотор» ЖШС қызмет көрсететін 003 бағыты бойынша жүре бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа көліктер қозғалыс аралығын 10 минуттан 8 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 57 орындық автобустар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жиналмалы аппарельмен жабдықталды. Жолаушылардың жайлылығы үшін кондиционерлер, гаджеттерді зарядтауға арналған USB-порттар және салонға орнатылған 7 бейнекамера қарастырылған көрінеді. 

Қала тұрғындарымен қатар, павлодарлық «Ертіс» футбол клубының ойыншыларына да жаңа жайлы автобус сыйға берілді. Көлікті «№1 автобус паркі» ЖШС демеушілік етіп сатып алған.

43 орынға арналған Yutong маркалы автобус шалқаймалы орындықтармен, аяққа арналған жастықтармен, кондиционерлермен және тоңазытқышпен жабдықталған.

Облыс әкімі Асайын Байханов клубтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында мұндай сыйлықтың маңыздылығын атап өтті.

Өткен жылы «Ертіс» екінші лиганың чемпионы атанып, маусымды бірінші лигаға шығумен аяқтады. Ендігі мақсатымыз – 2025 жылы Премьер-лигаға оралу. Осы автобуспен сырт алаңдағы ойындардан тек жеңіс әкеледі деп сенемін, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға