Павлодарда "Менің мектебімнің тарихы" мұражайы ашылды
Павлодар қаласындағы 117 жылдық тарихы бар № 7 жалпы орта мектебінде педагогикалық еңбек ардагерлерінің қатысуымен «Менің мектебімнің тарихы» мұражайының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды EL.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Мектеп мұражайы - бұл мектеп оқушыларының өткені, бүгіні және болашағы. Мектептің қалыптасуының бастауында тұрған мұғалімдердің дүниетанымын, руханилығын, тарихын, өмірі мен шығармашылығын қалыптастыратын құндылық, - деді еңбек ардагері Галина Радченко.
Мұражай стендтері төрт кітап және кітаптың екі ашық беті түрінде көркемделген. Онда облыстағы білім берудің даму тарихы мен мектептің қалыптасуы бейнеленген . Мұражайда 100-ден астам фотоматериалдар бар және заманауи технологиялардың арқасында кітаптардағы фотосуреттерді өзгертуге болады.
Шақырылған қонақтар өз естеліктерімен, қуаныштарымен бөлісті,- деп атап өтті мектеп басшысының орынбасары Мадина Мұсабекова.
Лентаны 40 жылдан астам еңбек еткен педагогикалық еңбек ардагері Любовь Гришина мен 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген мектептің бұрынғы директоры Халида Бекбосынова қиды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мектепте 650-ден астам оқушы мемлекеттік тілде білім алады. Мектеп заманауи үлгіде жабдықталған. Оқушылардың шығармашылық жұмысы үшін оқу-материалдық базасы, қызығушылықтары бойынша қосымша сабақ, медиастудия, шахмат және тоғызқұмалақ ойнауға арналған залдар бар.