Жаңалықтар

Павлодарда «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановтың муралы пайда болды

Павлодарда «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановтың муралы пайда болды
Фото: © Константин ШЕЛКОВ 24.05.2023 17:29 1277

Мейіржан Айманов 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында отпен арпалысып қаза тапқан өрт сөндірушілердің бірі болатын. Бұл туралы @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мурал Павлодар қаласы, Катаев көшесі, 46 үйдің қабырғасында салынды. Павлодарлықтар өрт сөндірушіні ұмытпағандарын, оның ерлігін және суретшінің шеберлігін жарыса жазуда.

– Біз бұл жұмысқа кірісетін кезде қайтыс болған батырдың туыстарының алдында үлкен жауапкершілікті сезіндік, – деді қабырғаға сурет салу студиясының жетекшісі Антон Толчин. – Бірақ бәрі ойдағыдай өтті, ауа райы қолайлы болды және 23 сағаттың ішінде аяқтап үлгердік.

Суретшінің айтуынша, ғимараттың қасбеті плиткамен қапталған, бұрын боялмаған. Мұндай қабырғалар муралдар салу үшін өте қолайлы. Бұл – павлодарлық студияның сегізінші үлкен жұмысы.

Өрт сөндірушілер қаза тапқан әріптесін еске алу кешін өткізеді. Мейіржан Айманов бітірген ҚР ІІМ Павлодар техникалық колледжі аумағында шыршаралардан аллея жасалып, шағын футболдан турнир өткізіледі.

Айта кетелік, жарылыс кезінде Мейіржан Айманов үш елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қаласына эвакуациялаған. Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімі аумағында оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғылы оқиғада өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға