Жаңалықтар

Павлодарда бір үйдің екі баласы суға батып кетті

Павлодарда бір үйдің екі баласы суға батып кетті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 09.10.2023 17:49 728

Павлодар облысында із-түзсіз жоғалып кеткен ағайынды екі бүлдіршіннің денесі су қоймасынан табылды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.   

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 5 қазанда Галицкое ауылында болған.

Сағат 21:00 шамасында жұмыстан үйіне оралған әйел 7 және 8 жастағы екі ұлын таба алмай, учаскелік полиция қызметкеріне жүгінген, - делінген ПД хабарламасында.

Учаскелік инспектор басқа ауыл тұрғындарымен бірге балаларды іздеуге кіріскен.

Сағат 23:00-де ауылдан 500 метр жердегі ауылшаруашылық алқаптарын суаруға арналған жасанды су қоймасынан балалардың зорлық-зомбылық белгілері жоқ мәйіттері табылды. Аталған оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп атап өтті ПД өкілдері.

Полицейлер суару жүйесіне арналған гидротехникалық құрылыста қоршаулардың, дуалдың, жарықтандырудың, жеткілікті көлемде тыйым салу белгілерінің жоқтығын және адамдардың өміріне қауіп төндіретінін анықтады, сондықтан 277-бап (3-бөлігі) және 254 баптар, яғни абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және қызметтік міндеттерін адал атқармау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға