Павлодарда баланы сүндеттеген хирург сотталды
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сүндеттеу отасы кезінде баланың денсаулығына ауыр зиян келтірген дәрігерге қатысты істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ота кезінде жас балаға зиян келген
2023 жылдың 23 тамызында хирург «сүндетке отырғызу» отасын жасап, салдарынан баланың денсаулығына елеулі зиян келтірген.
Дәрігер кінәсін мойындамады
Сотта дәрігер өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Алайда оның кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және құжаттық дәлелдермен расталды. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі мен оның өкілі соттан дәрігерге ең ауыр жаза тағайындауды талап етті. Сот айыпталушының алғаш рет жауапкершілікке тартылуын, үш баласының барын және көрсеткен медициналық көмегін жеңілдететін мән-жай ретінде назарға алды.
1 жылға бас бостандығы шектелді
Дәрігерге пробациялық бақылау белгілеумен бірге, 1 жылға бас бостандығын шектеу және мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 1 жылға хирургиялық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Шешім әлі заңды күшіне енбеген.

