Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген бала қайтыс болды
Павлодарда 2024 жылы туған сәби биіктіктен құлап, алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ведомство мәліметінше, 1 тамыз күні бойы бір жарым жасар баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз күйде болған.
Кешкі уақытта баланың жағдайы нашарлап кетті. Сағат 20:10-да жүрегі тоқтап, 20:40-та баланың қайтыс болғаны тіркелді. Дәрігерлер екі тәулік бойы сәбидің өмірі үшін күресті, өкінішке қарай, аман алып қалу мүмкін болмады, – делінген басқарма хабарламасында.
Еске салайық, 30 шілде күні Павлодар қаласында куәгер жедел жәрдем қызметіне хабарласып, Нұрмағамбетов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде әйел адамның бесінші қабаттан екі баланы лақтырып жібергенін, кейін өзіне қол салмақ болғанын айтқан.
Оқиға орнына шұғыл түрде үш жедел жәрдем бригадасы жөнелтіліп, олар 6 минут ішінде жеткен. 2024 және 2017 жылдары туған екі бала ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ал әйел адам №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы да ауыр деп бағалануда.

