Жаңалықтар

Павлодарда Абылай ханның жақтасы болған Сұлтанмамет сұлтанға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Павлодарда Абылай ханның жақтасы болған Сұлтанмамет сұлтанға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
10.12.2018 04:28 2075

Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Сұлтанмамет сұлтан: қоғамдық сананы жаңғырту және ұлттық кодты сақтаудағы ұлттық рух пен тәуелсіздіктің бастаулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылып өткізілді. Конференцияға облыс әкімнің орынбасары Мейрам Бегентаев, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және студент жастар қатысты.

«Біздің тарихымыз ерекше құндылықтарға толы. Оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу – әрбіріміздің басты парызымыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқының қоғамдық сана-сезімін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын әрі қарай  жалғастыруымыз қажет. Елде тарихи сырын ішіне бүккен талай жер бар. Біз өңірдегі тарихи орындарды зерттеуді әрі қарай жалғастыруымыз керек», - деді М.Бегентаев.

Келелі басқосуда тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамытова Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов дайындаған «Сұлтанмамет сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясынан Сұлтанмамет сұлтанның қазақ жерінің аумақтық тұтастығын сақтап қалуға қосқан үлесін көруге болатынын атап өтті.

«Сұлтанмамет сұлтан дарынды қолбасшы, дана дипломат, мемлекет қайраткері ретінде қазақ елінің тәуелсіздігінің көшбасында тұратын дара тұлға.  Оның өмірі мен қызметі барлық қазақстандықтарға үлгі болуға лайық», - деді ол.

Іс-шара барысында қатысушылар «Сұлтанмамет сұлтан» туралы түсірілген фильмді тамашалады. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды.

Сұлтанмамет сұлтан тарихта Сұлтанбет деген атпен белгілі. Ол Абылай ханның немере ағасы. 1710-1799 жылдар аралығында өмір сүрген тарихи тұлға Қазақ хандығы мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынасты орнатуда сүбелі үлес қосқан.

Сонымен қатар, сұлтан Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Балқашта болған Шаңды жорыққа Ертіс өңірінен 50 мың қол жинап, шайқасқа аттандырған. 1771 жылғы шешуші шайқаста Сұлтанбет сұлтан Өріс, Иман және Қараш есімді ұлдарымен бірге жоңғарларды ойсырата жеңеді. Ұлдарының барлығы Ертіс өңірінде болыстарды басқарған.

Айта кетелік, бұған дейін қалада Сұлтанбет сұлтан тұрған резиденция ғимаратының көшірмесі бой көтерген болатын. Ол ПМПУ-дегі «Margulan Centre» орталығының қарамағына тапсырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға