Павлодар облысының кәсіпорындары ЭКСПО-2017 жобасына белсенді қатысуда
Павлодар облысының шағын және орта бизнесі ЭКСПО-2017 жобасына қатысуын кеңейте алмақ. Олар құрылыс жұмыстарына ғана емес, сонымен бірге, логистикаға, қауіпсіздік пен қоғамдық тамақтандыру жүйесін ұйымдастыруға тартылады деп жоспарлануда. Осындай ұсыныстар Павлодар облысының кәсіпорындарымен 23 шілдеде өткен жұмыс мәжілісінде көтерілді, деп хабарлайды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК бас мердігерлерімен кездесуге осы аймақтың 30 өкілі келді. Кездесудің мақсаты – павлодарлық кәсіпорындарды, аймақтың шағын және орта бизнесін ЭКСПО-2017 жобасына белсенді түрде тарта отырып, көрмедегі жергілікті мазмұнның көлемін ұйлғайту.
«Келісім-шарт алдындағы мәмілелерге Павлодардағы өткен кездесуде қол қойылған болатын. Бүгінгі кездесу – біздің бірлескен жұмысымыздың жалғасы. 2014 жылы біз материалдың алғашқы партиясын жеткіздік. Павлодардың металлургиялық кәсіпорындары арматураны 40 мың тоннаға дейінгі көлемде жеткізуге дайын, бұл шетелден әкелінетін шикізаттың орнын толығымен басатын болады», - деп атап өтті кездесу кезінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК және Павлодар облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға 2014 жылдың желтоқсанында қол қойылды. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қазірдің өзінде Павлодар облысынан құрылысқа 3 отандық тауар өндіруші тартылып, жасалған келісім-шарттардың жалпы сомасы 760 млн. теңгені құрап отыр.
Мәжіліске металлургия, машина жасау, химия, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп секілді түрлі салалардағы кәсіпорындар қатысты. Олардың арасында болат құю зауытына өкілдік ететін «Кастинг» ЖШС, сым-өткізгіш өнімдерді өндіретін «ҚазЭнергоКабель» АҚ және автокөлік жолдары мен аэродромдық жабындар құрылысында қолданылатын пенополистиролды өндіретін «СТИРОЛ компаниясы» ЖШС болды.
«Біз өткен жылдан бастап материалды жеткізумен айналысып келеміз, келісім-шарттардың сомасы әзірше үлкен емес, алайда «темірбетон кезеңі», кейін әрлеу кезеңі және сым-тетіктерді жүргізу кезеңі болатынын түсінеміз. Сондықтан біз екінші кезеңде жеткізілім сомасы өседі деп үміттеніп отырмыз. Қазір біз «BI Group» және «Базис-А» компанияларымен жұмыс жасап жатырмыз, ал «Mabetex» компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз», - деді «ҚазЭнергоКабель» АҚ бас директоры Олег Крук.
Сондай-ақ, кездесуде «Астана ЭСКПО-2017» ҰК тығыз ынтымақтаса жұмыс жасайтын «Атамекен» Кәсіпкерлер ұлттық палатасының өкілдері де қатысты. Қазіргі таңда отандық тауар өндірушілердің тізілімі қалыптастырылып жатқаны атап өтілді. Бұл тізілімнің ішіне металлургия, машина жасау, кабельдік өнімдер саласындағы компаниялар ғана емес, сонымен бірге қызмет көрсету саласындағы, әрлеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындар да кіргізіліп отыр. Тізілім «Астана ЭКСПО-2017» бас мердігерлерімен арадағы қатынас-байланысты жақсы қамтамасыз ету үшін қазақстандық тауар өндірушілерді бірыңғай тізімге жүйелеуге мүмкіндік бермек.
Кездесу кезінде «Астана ЭСКПО-2017» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Алмаз Жаманбеков бас мердігерлер мен отандық тауар өндірушілерді диалогқа шақырып, ЭКСПО-2017 жобасына қатысудың түрлі шарттары ұсынылғанын еске салып өтті.
«Қазір көрменің ресми қатысушыларына ұсынылатын тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Шағын және орта бизнес те сонда дамуы тиіс. Тек құрылыстың шеңберінде тұйықталып қалмаңыздар, өздеріңіздің компанияларыңызды түрлі салалардағы жұмыстарға тартыңыздар. Павлодарда шағын және орта бизнес жақсы жұмыс жасайды, сондықтан оны логистикадан бастап, көлік, тамақтандыру жүйесі, қорғау қызметін ұйымдастыруға дейінгі жұмыстарға тарту қажет», - деп атап өтті Алмаз Жаманбеков тауар өндірушілерге қарата айтқан сөзінде.
Мұндай кездесулер Қазақстанның әрбір облысының өкілдерімен өткізіледі. Қазіргі таңда «Астана ЭКСПО-2017» көрме нысандарының құрылысына 101 қазақстандық кәсіпорын тартылып, жасалған келісім-шарттардың жалпы сомасы 88 млрд. теңгені құрағанын еске саламыз. Қазірдің өзінде Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен және Астана қаласының әкімдігімен меморандумдарға қол қойылған.
Дария Жұмалиева