Павлодар облысында 36 автожол жобасы жүзеге асырылады
Павлодар облысында жол жұмыстары облыстық және аудандық маңызы бар 287 шақырым жолға жүргізіледі. Атап айтқанда, 33 нысанда орташа, 2 нысанда күрделі жөндеу және 1 жол нысанын реконструкциялау жоспарланған деп,– хабарлайды El.kz порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
ИИДМ хабарлағандай, жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын туристік бағыттағы автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізу жалғасуда: «Қаражар-Южное», «Қарашат-Новая Жайма», «Баянауыл-Угольное». Бүгінге дейін аталған учаскелерде қолданыстағы қиыршық тас жабынын ресайклерлеу, цементпен нығайту, сұйық битумды құю, су өткізетін құбырларды орнату және жол жиектерін бекемдеу жүргізілді.
Айта кету керек, ағымдағы құрылыс маусымында аудандар арасындағы қашықтықты қысқартуға бағытталған аудандық маңызы бар автожолдарға да басымдық беріледі. Атап айтқанда, Май және Баянауыл аудандарын қосатын «Ақшиман-Лекер» және Екібастұз қаласы, Ақтоғай және Ертіс аудандары арасында өтетін «Разумовка-Басқамыс» аудандық маңызы бар жолдары орташа жөндеумен қамтылған. Қазірге дейін цементпен нығайту және суық асфальтбетон қоспасынан жабын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.
2022 жылы, сондай-ақ, Екібастұз қаласында «ГРЭС-1-Басқамыс» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, Шарбақты ауданында «Галкино-Жаңаауыл-Алексеевка» жолының 10 шақырымында асфальт жабыны жаңартылуда. Барлық жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сонымен қатар, биыл «Екібастұз-ГРЭС2», «Ивановка-Трофимовка», «Ақтоғай-Шолақсор», «Беловка-Қалқаман» облыстық маңызы бар төрт жолды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Май ауданындағы «Қызыл-Октябрь-Жаңа Ақшиман» жолының 29 шақырымы және «Қаратерек-Қылыш» автожолының 12 шақырымы жөндеумен қамтылды.
Жүргізілетін жұмыстардың сапасы тапсырыс берушінің, техникалық қадағалаудың және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның тұрақты бақылауында.
Жоғарыда аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша Павлодар облысындағы жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 93%-ға дейін жеткізу көзделген.