Жаңалықтар

Павлодар облысының әкімі Май ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты

Павлодар облысының әкімі Май ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты
Фото: Павлодар облысы әкімдігі 19.11.2023 01:24 838

Павлодар облысы әкімі Баскөл ауылындағы Белая саласы арқылы өтетін понтон көпірінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, мұндағы ауыл тұрғындарының шабындық алқаптары өзеннің арғы жағында орналасқан және шөпті қыста мұз үстімен тасымалдап келген. Бұл мәселені көптеген жылдар бойы ауыл тұрғындары сұраған понтондық көпір шешуі керек. Қазір оның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 60,0 м болатын понтон көпірінің құны 203,8 млн теңгені құрады. Асайын Байханов орындалып жатқан жұмыстарды тексеріп, көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңыздылығын ескеруді және жұмыстарды созбауды тапсырды. 

Одан кейін облыс әкімі «Димаш» ЖК қызметімен танысты. Кәсіпкер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 6,0 млн теңге несие алып, шағын тракторлар мен тиегіштер, автоүйлер, мал таситын тіркемелер жасауда.  

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында Көктөбе орта мектебінің жаңа блоктық-модульдік қазандығының жұмысын тексерді. Майтүбек ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық пунктке барып, ауылдағы коммуникация және ақпарат орталығында болды. Мұнда әкімдіктің ғимаратын заманауи ақпарат және коммуникация орталығына айналдырған. Халықпен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Енді ауыл тұрғындарына кеңес пен анықтама алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. 

Сондай-ақ, өңір басшысы республикалық маңызы бар Атамекен-Ақсу-Үлкен Ақжар-Курчатов жолының жөндеу жұмыстарын тексерді. Жолдың жалпы ұзындығы 216 км құрайды. 2023 жылы 45 км жөнделіп, бүгінгі күні жолдың 195 шақырымы немесе 95% жақсы жағдайда. Қалған 21 км жол төсемін жаңарту және сол арқылы жобаны 2024-2025 жылдары 100% аяқтау жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға