Жаңалықтар

Павлодар облысында «Бекет-2024» кешенді оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Павлодар облысында «Бекет-2024» кешенді оқу-жаттығуы өтіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі 16.05.2024 13:42 538

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Қорғаныс кеңесінің отырысына қатысып, бірқатар нысандарды аралап, ведомствоаралық жаттығудың негізгі элементтерінің пысықталуын тексердідеп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысы әкімдігінің Ситуациялық-талдау орталығында болған Бас штаб бастығы жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдар бөлімшелерінің өзара іс-қимылының алгоритмдері мен тәртібін айқындайтын осындай оқу-жаттығуларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың басшылығымен өткен Қорғаныс кеңесінің отырысында «Бекет-2024» кешенді оқу-жаттығуы барысында орталық мемлекеттік органдар, күштік ведомстволар және аумақтық қорғаныс бригадасы жеке құрамының іс-қимыл тәртібі егжей-тегжейлі талқыланды.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов оқу-жаттығудың практикалық іс-қимылдары өтетін оқу орындарында болды. Ол аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерін хабардар ету учаскесінің, әскери міндеттілерді алдын ала жинау пунктінің жұмысын ұйымдастыруды зерделеді. Оқу-жаттығудың жоспары бойынша өңір кәсіпорындары ұсынған техниканы жинау тәртібі, сондай-ақ азаматтық тұрғындарды далалық лагерьге орналастыру мәселелері пысықталды, - делінген мәліметте.

Жаттығудың белсенді кезеңінде облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері стратегиялық маңызы бар Павлодар мұнай өңдеу зауытын күзету, қорғау және жасалған шабуылды бейтараптандыру бойынша практикалық іс-қимылдар жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, «Бекет-2024» оқу-жаттығуына орталық мемлекеттік органдардың, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің, ҰҚК және Ұлттық ұланның өкілдері жұмылдырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға