Жаңалықтар

Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі шешілді

Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі шешілді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 07.11.2023 00:37 733

Павлодар облысында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі шешілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің облысқа барған жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір әкімдігінің хабарлауынша, жарамсыз, ескірген ғимараттардың орнына заманауи үш мектеп бой көтерген. Осы жылдың қазан айында Железин ауданы Моисеевка ауылында, қараша айында Баянауыл ауданы Қаражар ауылында мектептер пайдалануға берілді. Павлодар ауданы Сычевка ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталуда.

Үш ауысымды мектептердің мәселесін және оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Ш. Шөкин атындағы орта мектепке қосалқы құрылыс нысаны пайдалануға берілді. Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл облыста 1800 орындық екі мектептің құрылысы басталды, ал 2024 жылы 3600 орындық үш мектеп салу жоспарлануда, - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

«Заманауи мектеп» жобасы бойынша облыстағы үш қалада 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 54 мектеп жаңартылып, 33 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 361 мектеп бар, онда 116 мың оқушы білім алуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға