Жаңалықтар

Павлодар облысында 300 ден астам шетелдік заңсыз еңбек еткен

Павлодар облысында 300 ден астам шетелдік заңсыз еңбек еткен
Фото: © El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.09.2023 16:49 671

Павлодар облысында 334 шетелдік заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

“Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі” пилоттық жобасы шеңберінде проблемалық-бағдарланған тәсіл мақсатында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Шетелдік кәсіпкерлердің шетелдік жұмыс күшін пайдалану фактілері бар, олар шетелдіктерді өз үй шаруашылығында жұмыс істеуге жалдап, сонымен бірге қажетті құжаттарды заңды түрде рәсімдемеген. Мысалы, Павлодар қаласындағы монша кешендерінің бірінің иесі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Өзбекстанның үш азаматын жұмысқа жалдаған. Бұл факті көші-қон қызметі қызметкерлерінің рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде анықталды. Шетелдіктер қызу жұмыс барысында ұсталды. Құқық бұзушылар үй шаруашылығында еңбек қызметімен айналысуға рұқсат алған сәттен бастап осында жұмыс істейтіндерін түсіндірді.

Тексеру кезінде жүзеге асырылатын еңбек қызметі саласы мен құжаттарда көрсетілген мекенжайдың сәйкессіздігі анықталды. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Сот шешімі бойынша осы бұзушылық үшін Өзбекстанның үш азаматына әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, жұмыс беруші ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындаумен жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер шетелдік азаматтардың заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыруының 334 фактісін тоқтатты, барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 88 жұмыс берушіге қатысты шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғомар Шәбиденов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға