Жаңалықтар

Павлодар облысында 2,5 млрд текше метр су жинайтын қойма салынады

Павлодар облысында 2,5 млрд текше метр су жинайтын қойма салынады
Фото: gov.kz 16.08.2024 20:28 624

Павлодар облысы Май ауданы Жұмыскер ауылының маңында жаңа су қоймасы салынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нысан 2,5 млрд текше метр су жинай алады. Бұл туралы облыс тұрғындарымен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. 

Сондай-ақ, облыста Қ.Сәтбаев атындағы канал нысандарын реконструкциялау және модернизациялау жоспарлануда. Атап айтқанда, №87 апаттық бөгет пен №4 су торабы қайта жаңғыртылады. 

Суару жүйелерін, оның ішінде «Ертіс-Успенка» каналын, Аққулы ауданының Лебяжі суару жүйесін, Аққулы, Ертіс, Павлодар, Ақтоғай аудандарында және Екібастұз қаласында лиманды суару жүйелерін ауқымды реконструкциялау да жоспарда бар. Өңірдегі су үнемдеу технологияларын қолданатын егіс алқаптарын 141 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылды.

Министр баяндамасынан кейін азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Павлодар облысының тұрғындары жергілікті дихандарды сумен қамту, Ертіс өзенінің экологиялық жағдайын бақылау, су ресурстарын басқаруды дамыту және көрші елдерден су ағыны туралы сұрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте суды тиімді пайдалану, суды қайта пайдалану және оның булануымен күресу туралы ұсыныс айтты.

«Министрліктің барлық күш-жігері жергілікті тұрғындарды ауыз сумен және суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Қазіргі уақытта облыста су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны іске асырып жатырмыз, оларды биыл аяқтауға ниеттіміз. Кездесуге келген тұрғындарға жылы қабылдап, ұсыныс-пікірлерімен бөліскендері үшін алғыс айтқым келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға