Жаңалықтар

Павлодар мұнай-химия зауыты 45 жылдығын тойлауда

Павлодар мұнай-химия зауыты 45 жылдығын тойлауда
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі 10.09.2023 11:13 1137

Павлодарда Естай атындағы қалалық мәдениет орталығында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің 45 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Тарихы тереңнен бастау алатын даңқты еңбек дәстүрі қалыптасқан Павлодар мұнай-химия зауыты мерейлі межесін үлкен жетістіктермен қарсы алды. Кәсіпорында алғашқы бензин 1978 жылы 14 маусымда өндірілсе, сол жылы 18 қыркүйекте өнделген мұнай көлемі алғаш рет миллион тоннаға жетті. Павлодар МХЗ үлесіне Қазақстан аумағында мұнай өнімдерін өндірудің 35%-дан астамы тиесілі. 2022 жылы зауыт 5,5 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарындағы рекордтық көрсеткішін қайталады.

«Павлодар мұнай-химия зауыты — отандық отын нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған сала көшбасшысы. Зауыттың қалыптасуы жолында ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген жандар аз емес. Сол себепті бүгін біз еңбек ардагерлерін ардақтап, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне зор үлес қосып отырған кәсіпорын ұжымына қошемет көрсетіп отырмыз», — деді салтанатты жиынның қатысушыларына арнаған сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев.

Бүгінде Павлодар МХЗ-да 1700-дей адам еңбек етеді, олардың орташа жасы – 39, ал зауыттағы орташа жұмыс өтілі – 11 жыл.

2009 жылы тамызда ПМХЗ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобына кірді. Сол уақыттан бастап зауыт дамудың жаңа кезеңіне шықты – жаңғырту жобасы басталды. Ауқымды жұмыстар 2011 жылдан бастап 2017 жылға дейін жалғасты. Қойылған мақсаттарға жету үшін ПМХЗ-да 12 технологиялық қондырғы мен 18 жалпы зауыт шаруашылығының нысаны салынды және қайта құрылды. Нәтижесінде Павлодар мұнай-химия зауытының бензиндері мен дизель отыны К-4 экологиялық класс талаптарына сай шығарыла бастады. Сондай-ақ Jet A-1 авиациялық керосин өндірісі жолға қойылды.

Жаңғырту жұмыстары басқару жүйелерін автоматтандыруды, энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізуді де қамтыды.

Биылғы мерейтойға орай зауыт битум өндірісі қондырғысында жаңа пештің құрылысын 90%-ға аяқтады. Кәсіпорын жол битумының тәуліктік өндірісін 15%-ға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

ПМХЗ жобалары өндірілетін өнім сапасын жақсартуға, ашық түсті мұнай өнімдері өндірісінің көлемін арттыруға, экологиялық тазалықты сақтауға, нарықта сұранысқа ие қысқы (аязда қатпайтын) дизель отынын алуға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға