kolesa.kz

Павлодар көшелерінде сергектің жаңа түрі іске қосылады

Ертеңнен бастап Павлодар қаласында жол қозғалысын қадағалайтын заманауи бейнекамералар жұмыс істей бастайды. Осы арқылы жол ережесін бұзған көлік иелеріне автоматты түрде айыппұл салу жүйесі іске қосылмақ. Алғашқы кезеңде қала бойынша 100 аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға беріледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Қауіпсіз қала» атты үш жылдық бағдарлама шеңберінде Павлодар көшелерінде орнатылған АБК жүйелері 14 қарашадан бастап толыққанды жұмыс істейді. Бұған қоса, шаһар аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3 мыңға жуық бейнекамера орнатылып, олар да біртіндеп бірыңғай бақылау жүйесіне қосылады.

Әрбір жол қиылысында шамамен 5-10 камера орнатылған. Бұл олардың жолақ саны мен қозғалыс ағынына байланысты анықталған. Қазір еліміз бойынша ең жиі тіркелетін бұзушылықтардың бірі - жылдамдықты асыру. Жаңа жүйелер сондай-ақ қызыл жарыққа өту, қарсы бағытқа шығу, тыйым салынған жолаққа кіру секілді әрекеттерді де тіркейді.

Бұған дейін жауапты мекеме барлық құрылғылар қарашаның басында іске қосылады деп хабарлаған еді. Алайда мердігер компания жабдықтарды орнату мерзімін сот ісіне байланысты кейінге шегеруге мәжбүр болған.

Жобаның жалпы құны - 8,5 млрд теңге, келісімшарт мерзімі - үш жыл.

Барлық камералар мен АБК-лар полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің ұсыныстары негізінде таңдалған нүктелерге орналастырылған.