Жаңалықтар

Павлодар өңірінде қанша ақбөкен бары айтылды

Ақбөкендер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген, бірақ қазіргі таңда оларды аулауға толық тыйым салынған.
Павлодар өңірінде қанша ақбөкен бары айтылды
09.08.2022 08:36 2379

2022 жылғы 8-18 тамыз аралығында  облыс аумағында «Ақбөкен» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы  өткізілуде, деп хабарлайды EL.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараның мақсаты - ақбөкендер мен басқа да жануарларды заңсыз аулау, ағаш кесу, су жануарларын аулау, биологиялық ресурс объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу.

Ақбөкендер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген, бірақ қазіргі таңда оларды аулауға толық тыйым салынған. Аумақтық полиция органдарының өкілдері, облыстық аумақтық инспекция қызметкерлері және «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторлары қатарынан мобильді топтар құрылды. Бүгінгі таңда Павлодар өңірінде 20 000-нан астам ақбөкен бар. Олар Май және Баянауыл аудандарында мекендейді, - дейді департаментте. 
Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін  заңсыз қолданғаны үшін ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.  

Осы бап бойынша 3 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл  не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару, құқығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Айта кету керек, жыл басынан бері полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасына қатысты 571 құқық бұзушылық анықтады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға