Пациент соққыға жыққан дәрігер санавиациямен Астанаға жеткізілді
Қабылдау бөлмесінде пациенттің шабуылынан соққыға жығылған Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері саниавиация бортымен Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Урология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операция аяқталғаннан кейін науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін аурухананың қабылдау бөлмесіне түскен. Алайда сол сәтте бөлімшедегі пациенттің бірі дәрігерді соққыға жығып, медицина қызметкері есінен танған. Дәрігер мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға жіті қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы диагнозымен реанимацияға жатқызылды.
Мамандардың консилиумының қорытындысы бойынша медицина маманын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына тасымалдау туралы шешім қабылданып, онда ол одан әрі мамандандырылған ем алады.
Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция прсттарын тездетіп қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады, - деп жазды әлеуметтік желі парақшасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Ведомство басшысы қыркүйек айында Парламентке медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізілетінін еске салды. Жұмыс орындарында дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейту үшін медициналық мекемелерді бейнебақылаумен, күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел жәрдем бригадаларын – бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда 16 шілде күні жеке медициналық орталықта ер адам медбикеге шабуыл жасап, оны соққыға жыққан болатын. Жәбірленушінің екі саусағы сынған, миы шайқалып, шашы жұлынған, денесінде көптеген жарақат бар. Қазір ол ауруханада жатыр.

