«Пәтер, көлік»: Қыз жасауын беру дәстүр ме, бәсеке ме?
Қыз жасауын әзірлеу – қазақ халқының ежелден келе жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі. Бұл үрдіс тек тұрмыстық мүлік жинаумен шектелмей, қыздың жаңа өмірге дайындығын, ата-ананың қамқорлығын, елдің берер батасын білдіреді. Заман ағымына сай жасау құрамына өзгеріс енсе де, оның маңыздылығы мен тәрбиелік мәні әлі де өзекті. El.kz интернет порталы ежелгі және заманауи жасау беру үрдісінің ерекшеліктерін, өңірлік айырмашылықтарын, қажетті қаражат көлемін және ел назарын аударған жасау үлгілерін шолып шықты.
Заманауи жасау қалай дайындалады?
Қазіргі уақытта да қазақ аналары жасау дайындауға ерекше көңіл бөледі. Дәстүрден алшақтамай, бірақ замана талабына сай жаңа сипаттағы бұйымдарды қамтиды. Жасауға берілетін заттар да заманға қарай түрленіп, жаңарып келеді. Бүгінгі жас келіннің еншісіне заманауи жиһаздар мен техника, тұрмыстық құрал-жабдықтар қосылады. Мәселен, төсек-орын жабдықтарының қатарына сәнді кереует, матрас, комод, шкаф, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, газ немесе электр плитасы, шаңсорғыш, микротолқынды пеш, үтік, тіпті теледидар мен ас үй жиһазына дейін қосылуы – бұл күндері үйреншікті жағдайға айналған.
Сәнді көрпелер мен жастықтар, бірнеше жиынтық төсек-орын, дастархан, перде, орамал, сүлгілер – барлығы да үйлесімді түстер мен сапалы маталардан таңдалып, арнайы тапсырыспен тігіледі. Әсіресе, «махаббат көрпесі» деп аталатын жаңа үйленгендерге арналған көрпе де сән-салтанаттың белгісі ретінде беріледі.
Ас үйге арналған ыдыс-аяқтар да ерекше көркемделіп, блендер, миксер, кофеқайнатқыш сынды тұрмыстық құралдармен толықтырылады.
Кейбір ата-аналар қыздарының жаңа өмірін жеңілдету мақсатында алғашқы бірнеше айлық азық-түлік қоры мен тұрмыстық қажеттіліктерді де бірге дайындап жатады. Ал сәнқой қыздарға заманауи көйлектер, сөмкелер мен аяқ киім, тіпті макияж құралдарына дейін арнайы сөмкелермен салып жібереді. Кейбір жасауларда алтын әшекей бұйымдары мен зергерлік жиынтықтар, тіпті пәтер кілтіне дейін қосылуы мүмкін.
Жасау – тек материалдық жабдық емес, ол – қыздың жаңа өмірге дайындығы, ата-ананың махаббаты мен қамқорлығының көрінісі. Дәстүр мен заманды үйлестіре отырып, бұл үрдіс өзектілігін ешқашан жоғалтқан емес.
Қыз жасауына не салуға болмайды?
Жасау – қызының жаңа өмірге қадам басуына ата-ананың жасаған қамқорлығы, артқан аманаты. Уақыт өте келе бұл үрдіс түрлі өзгерістерге ұшырап, бүгінгі таңда әр аймақта өзінше ерекшеленіп, кей тұста асыра сілтеушілікке де ұласып барады.
Жасауға салынбайтын, тіпті тыйым салынған заттар да бар. Қазақы таным бойынша, суық қару саналатын бұйымдар – мысалы, пышақ, қайшы, балта – қыздың жасауына кірмейді. Бұл – сол заттардың отбасыға келер кикілжің мен салқындықты білдіретін белгі деп қабылдануынан. Сондай-ақ, қазан да жасау тізімінде болмайды. Өйткені, халқымыз қазанды отбасының ырысы мен берекесі деп бағалаған. Қазан жаңа үйдің өз еншісінде болуы керек деген наным бар.
Қазіргі таңда жасау дайындау үрдісінде шамадан тыс молшылық пен көрсеқызарлық байқалады. Базардан немесе дүкеннен алынған заттардың бәрі сапалы бола бермейді. Бұрын қолдан жасалған бұйымдардың әрқайсысында ананың мейірімі, үйдің жылуы сезілсе, бүгінде бәрі тұтынушылық сипатқа көшкен. Жасауға ондаған киім, аяқ киім, ыдыс-аяқтың сан түрін салып, толтыра берудің қажеті жоқ. Қыз күнделікті тұрмысында қажет ететін, өміріне жарайтын заттарды ғана беру жеткілікті. Тон берсе, бір тон ғана, аяқ киім берсе, бір аяқ киім ғана болады. Бұл – ысыраптың алдын алады.
Өңірлердегі айырмашылық қандай?
Жасау дайындауда әр өңірдің өз салты, ұстанымы бар. Оңтүстік пен Батыс Қазақстанда жасау көлемі едәуір мол болып келеді – жиһаздан бастап, тұрмыстық техникаларға дейін қамтылады. Ал Шығыс аймақта, әсіресе Өскемен мен Семей өңірлерінде бұл дәстүр қатаң сақталмаған. Қызға тек бірнеше көрпе-жастық пен күнделікті керек-жарағы ғана беріледі. Бұл – әр отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты шешім болса да, кейбіріне тым салмақты, екінші тарапқа тым қарапайым көрінуі мүмкін.
Қыз жасауына қатысты салт-дәстүрлерді заманға сай икемдеп, оның мән-мағынасына терең бойлау қажет. Мақтану, ысырапшылдық жасау үшін емес, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт мұрасы үшін жасау әзірлеген жөн.
Қанша қаражат керек?
Бүгінде қыз жасауын дайындау – үлкен жауапкершілік қана емес, қомақты қаржылық шығынды да қажет ететін маңызды процесс. Бұрынғы дәстүрге сай көрпе-жастық, төсек-орын, ыдыс-аяқ, киім-кешек секілді негізгі бұйымдармен шектелмей, қазіргі замандағы жасау құрамына тұрмыстық техника, жиһаз, сәнді интерьерлік заттар және келіннің жеке қажеттіліктеріне арналған дүниелер де қосылады.
Жасау дайындауға ең кемі 1,5-2 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Бұл қаражатқа сапасы орта деңгейдегі төсек-орын жабдықтары, ыдыс-аяқ жиынтығы, бірнеше жиһаз түрі (мысалы, төсек, шкаф, комод), кір жуғыш машина немесе тоңазытқыш секілді бір-екі тұрмыстық техника түрі, перде, кілем, сүлгі және киім-кешектің қарапайым жиыны кіреді. Яғни, бұл – ең негізгі әрі қарапайым жасауға жететін сома.
Ал толық әрі сән-салтанатпен жасақталған, тұрмысты түгел қамтитын заманауи жасауға орта есеппен 3-5 миллион теңгеден 10-15 миллион теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін. Мұндай жинаққа тұрмыстық техниканың толық жиыны, жиһаздардың барлық жиынтығы, бірнеше төсек-орын мен көрпе, әсем сервиздер, қымбат ыдыстар, алтын әшекейлер мен сәнді киімдер, тіпті теледидар немесе тігін машинасы сынды қосымша бұйымдар да кіреді.
Кейбір ауқатты отбасылар қыздарына жасау ретінде жеке пәтер алып беруді де дәстүрге айналдырған. Бұл – бүгінгі таңда сирек те болса кездесетін жағдай. Бірақ негізінен әрбір ата-ана өзінің мүмкіндігіне қарай, қызын жаңа өмірге барлық жағынан даярлауға тырысады.
Қандай көлемде болмасын, жасау – бұл тек материалдық дүние емес. Ол – ананың махаббатымен, бүкіл әулеттің ізгі тілегімен көмкерілген аманат. Сондықтан қазақта «жасаусыз қыз болмайды» деген сөз әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.
Үш пәтер мен Mercedes көлігі. Елдің назарына іліккен қыз жасаулары
Әлеуметтік желіде биылғы жылдың маусым айында қыз жасауын таныстыру сәтінен түсірілген бейнежазба қоғамда қызу талқыланды. Желі қолданушыларының назарын аударған видео қыздың төркін жұртының жасау ретінде ұсынған мүлкімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, қалыңдық жағы жігіт жаққа үш пәтер мен Mercedes маркалы көлік тарту еткен.

Сурет: видеодан скриншот
Бейнежазбада жасауды таныстырған әйелдің айтуынша, алғашқы пәтер – толығымен жабдықталған, 1 бөлмелі баспана. Екінші пәтер – Шымкент қаласынан, құны шамамен 28 миллион теңге, төлемі толықтай өтелген. Бұл үйдің құрылысы келесі жылы аяқталып, кілті сол кезде тапсырылмақ. Ал үшінші пәтер Алматы қаласынан ұсынылған.
Сондай-ақ жасау қатарында тұрған Mercedes көлігі де назардан тыс қалмады. Telegram арналарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, бұл көлік те жасау құрамына енгізілген.
Қалыңмал көлемі де айрықша – қалыңдық жағы 10 миллион теңге сұраған. Жігіт жақ та бұл талапқа түсіністікпен қарап, «құда-құдағи, әке күші, ана сүті, өлі-тірісі бар – барлығын қосқанда 10 миллион теңге қалыңмал береміз» деп келіскені айтылған.
Бір пәтердің ақшасы
Отандық танымал әнші Абай Бегейдің отбасы 2024 жылы тұрмысқа шыққан қызы Сымбаттың жасауын табыстау үшін арнайы Ақтау қаласына барған еді. Ерекше отбасылық сәт әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.
Абай Бегейдің жұбайы мен үлкен қызы Instagram желісінде аталмыш сәттен бейнежазба жариялап, көпшіліктің назарына ұсынды. Онда Сымбат Абайқызының жеңгелері қалыңдықтың жасауын таныстырып, әр бұйымның мән-маңызын атап көрсеткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жасау құрамына сапалы әрі бағалы дүниелер енген. Отбасы арнайы тіктірілген көрпелер, заманауи үлгідегі ыдыс-аяқтар, күнделікті және мерекелік кештерге арналған брендтік киім үлгілерін әзірлеген. Абай Бегейдің отбасы дәстүрге сай, қыздың жасауын молынан дайындағанын көруге болады.
Жасауды дайындауға белсене атсалысқан әншінің жұбайы Ерке Ниязқұлова әлеуметтік желіде пікір білдірді.
Қыз бергеннен келін алған оңай ма? Сағат таңғы екі. «Жұмыла көтерілген жүк жеңіл» деп, әжелерім, жеңгелерім, достарымды шақырдық. Бәріміз жүкті тас-тұйнақтай етіп жинап, дайындап қойдық. Сіз де қыз ұзатып, келін алып, бүкіл жиған-тергеніңізді осындай қуанышты күнге шашыңыз. Қалыңмалсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды. Әне-міне дегенше бұл күн де келіп жетті. Жалпы «қыздың жүгін 6 жастан жинаса асады, 7 жастан жинаса жетеді» деген сөздің түпкі мағынасын енді түсініп жатырмыз, – деп жазды.
Жасау табысталған соң дәстүрлі киіт кигізу рәсімі өтті. Құдалар бір-біріне бағалы жағалы киімдер, гауһар бұйымдар және қаракүзен тон сыйға тартты. Бұл салт – екі жақ арасындағы құрмет пен татулықтың белгісі ретінде өткізілді.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға ерекше қызығушылық танытып, өз пікірлерін жарыса білдіріп жатыр. Көпшілігі жұлдызды жанұяның қыз жасауына бір үйдің құнына пара-пар қаржы жұмсағанын айтып, кейбірі ысырапшылдық деп бағаласа, енді бірі салт-дәстүрдің жоғары деңгейде орындалғанына қуанды.
«Ақтаудан қыз алуға қорқып қалдық», «Ас та төк, ысырапшылдық екен», «Бір үйдің ақшасы кетті-ау, ыдысының өзі миллион теңгеден асады», «Бізге де жұғысты болып, осылай жасау жинайық» деген түрлі пікірлер жазылған.
Бұрын қыз жасауына не берілген?
Жасау – болашақ келінге берілетін мал-мүлік, тұрмыстық жабдықтар, киім-кешек пен үйге қажетті бұйымдар жиынтығы. Кейде оның көлемі жігіт жағынан келетін қалыңмалдан да асып түсіп жатады.
Қай заманда да ата-ана үшін қызының жасаусыз ұзатылғаны – көңілге қаяу, ел алдында сын. Сондықтан «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» деген ұстаныммен, қазақ отбасылары қыздарын жасаусыз ұзатпаған. Жасауды әдетте қыздың ата-анасы дайындайды, алайда жақын туыстар да өз үлестерін қосып, бұл дайындыққа бірге жұмылады. Халық арасында кең таралған «жасаусыз қыз болмайды, жабдықсыз үй болмайды», «үйдің көркі қызбен жасау» деген нақыл сөздер осы үрдістің маңыздылығын айқын көрсетеді.
Жасау беру дәстүрі болашақ жұбайларға, әсіресе, қызға өз шаңырағында ешкімге мұқтаж болмай, өз тұрмысын өз қолымен түзеуге жағдай жасау мақсатында қалыптасқан. Осы себепті, жасауға ең алдымен жаңа үйге қажетті дүниелер енгізіледі. Бұған сандық, төсек-орын жабдықтары, ыдыс-аяқ жатады. Киім-кешек те маңызды рөл атқарады.
Ежелгі дәстүрде қыз жасауын дайындау құда түсу рәсімімен тығыз байланысты болған. Яғни, болашақ келіннің жасауын құда жақтың алып келген қалыңмалына қарай лайықтап әзірлеген. Сол себепті бұрынғы жұрт «жасауға не бересің?» деп емес, алдымен «қалыңмалына не алдың?» деп сұрайтын болған.
Жасау дайындау құдалар келісіп, қалыңмал келгеннен кейін ғана басталатын. Қыздың ата-анасы бұл іске ерекше жауапкершілікпен қарап, бүкіл ағайын-туыс, көрші-қолаң жұмыла кірісетін. Арнайы базар аралап, жасауға қажетті бұйымдарды бір күнде емес, бірнеше апта, тіпті айлап жүріп таңдап алатын. Әсіресе, күмістен соғылған құмандар, жібек матадан тігілген шапандар, ұлттық нақыштағы әшекей-бұйымдар, қыздың бас киімдері мен белге тағатын күміс белбеулер – барлығы да мұқият іріктеліп, сән-салтанатпен алынатын.
Бұрынғы сауда-саттықтың да өз ерекшелігі болған: бұл заттар үшін бүгінгідей ақша емес, мал санына шақтап есептеген. Сауда малмен жүргізіліп, әр бұйымның құны қоймен, жылқымен немесе түйемен бағаланатын.
Кезінде ұзатылатын қызға көбіне әрқайсысы тоғыздан көйлек-көншек, камзол, бешпент, ішік, шапан, тон секілді ұлттық киімдер тігіліп, дайындалатын. Сонымен қатар тұрмыстық ыдыс-аяқтар – қазан-ошақ, құман, торсық, саба, күбі, келі, тегене, асадал, кебеже сияқты көптеген ыдыстар мен ас үй жабдықтары да ұмыт қалмайтын еді. Бүгінде бұл бұйымдар жаңаша сипат алып, заманға сай үлгіде жасалуда.
Тарихқа көз жүгіртсек, XIX ғасырдың алғашқы жартысында ауқатты байлар жасауға күтуші қызды қосып жіберген. Кейінірек заман талабына сай, пәуеске, самаурын, тігін машинасы сынды жаңа тұрмыстық бұйымдар да жасау құрамына енді. Әр өңірдің салтына сай, жасау құрамында айырмашылықтар болған. Мысалы, Абай ауылының қыздарына ұлы ақынның өлеңдер жинағы қоса жіберілуі – бұл дәстүрдің рухани сипат та ала бастағанын көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін көзін байлап сурет салатын суретшінің енді кино әлемін бағындыратыны жайлы жазған едік.

