Қазақстанда пәтер бағасының қымбаттауы туралы пікірталас қайта қыза түсті. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елдегі баспана нарығының жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрдің айтуынша, құрылыс компаниялары өз пәтерлерін тезірек сатуға ұмтылған кезде нарықта белгілі бір дүрбелең туындауы мүмкін.
Министрлік жеке құрылысшылардың бағаны көтеруіне немесе төмендетуіне тікелей әсер ете алмайды. Баға нарық заңына бағынады. Егер сұраныс артса, баға өседі, егер сұраныс азайса баға төмендеуі мүмкін. Қазір біз нарықта белгілі бір дүрбелеңді байқап отырмыз, - деді министр.
Ол сондай-ақ халықтың тезірек пәтер сатып алуға ұмтылуы осы дүрбелеңмен байланысты екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта пәтер бағасы 30-40%-ға көтеріледі деп болжауға негіз жоқ. Баға нарықтағы дүрбелеңге сәйкес өзгеріп отырады. Біз әлеуметтік баспанаға қатысты бағаны бақылап, оның өсуіне жол бермейміз, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің пікірі бойынша, нарықтағы баға тұрақсыздығы құрылыс компанияларының әрекетіне байланысты, ал мемлекеттік бақылау әлеуметтік баспана саласында ғана нақты әсер ете алады.

