Жаңалықтар

Партиялар үгіт-насихат науқанына толық дайын

Сайлау
11.02.2016 06:29 5091

Сайлау науқаны жақындаған сайын саяси партиялардың сайлауалды жұмысы қарқынды дамуда. Сайлауға түсетін партиялардың бірі үгіт-насихат науқанына толық дайын екенін мәлім етсе, кейбір партиялар әлі де үміткерлерін ұсынуда.

 Партиялар үгіт-насихат науқанына толық дайын

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов: «Біз сайлауалды үгіт-насихат науқанына 100 пайыз дерлік дайынбыз. Қазіргі уақытта барлық өңірдің дайындығын пысықтап, әр облыс орталығында ашылған штабпен бейнеконференциялар өткізіп жатырмыз. Олар бізге өздерінің дайындықтары мен мәселелері жайлы хабар беріп отырады. Біз, төраға бастаған бүкіл басшылық орталық штабта кеңесіп отырамыз», – деді.

 Партиялар үгіт-насихат науқанына толық дайын

Ал «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының кезектен тыс XXII конференциясында Астана қаласы мәслихатының депутаттығына 25 кандидат ұсынылды. Сонымен, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы мәслихатының депутаттығына 25 кандидат ұсынды. Үміткерлердің ішінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ кандидаттардың арасында дәрігерлер, кәсіпкерлер, мектеп директорлары, қоғам қайраткерлері бар. Айта кетсек, 25 кандидаттың алтауы – әйел.

 Партиялар үгіт-насихат науқанына толық дайын

Қала басшысының айтуынша, бір депутаттық мандатқа кем дегенде екі үміткер ұсынылды. Жалпы, өткізілген 25 праймеризге қаланың бастапқы партиялық ұйымдарынан 900 астам сайлаушы қатысты. Барлық үміткерлердің кандидатуралары мұқият қаралды. Олардың көбі елорданың дамуына елеулі үлес қосқан және қала тұрғындарының арасында беделге ие белгілі тұлғалар. Шаһар әкімі Әділбек Жақсыбеков кандидаттар құрамында әйелдер мен жастар көп екенін айтты.  

Конференцияға 242 делегат қатысты. Сайланған 250 делегат партия мүшелерінің жалпы саны 42 мың 240 құрайтын 336 бастапқы партиялық ұйымның өкілі болып табылады.

Белгілі болғандай, Астана қаласы бойынша сайлауды ұйымдастыруды және өткiзудi жалпы саны 2149 мүшесi бар 307 сайлау комиссиясы, олардың iшiнде 4 аумақтық, 25 округтiк және 278 учаскелiк комиссия жүзеге асырады. Қалалық сайлау комиссиясы сайлау комиссияларын оқытуды ұйымдастыруға ерекше көңiл бөлмек. Ол үшiн семинар, тренинг, кеңестер өткiзуден бастап қажеттi сайлау құжаттарымен және әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз етуге дейiн түрлi әдiстердi қолданады.

Алматы қалалық маслихатының депутаттығына 37 кандидат тіркелді. Олардың арасында белгілі журналистер Қали Сәрсенбай мен Бигелді Ғабдулин және жас актер Асылхан Төлепов те бар.

Естеріңізде болса, Асылхан Төлепов 23 жасында қалың қазақ көрерменіне «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылып үлгерген болатын. Жас актер енді өз мүмкіндігін саясатта да сынап көрмек. Бір қызығы, актер Алматының кейінгі жылдары құрылған Наурызбай ауданынан саяси додаға түскелі отырған жалғыз үміткер.

Жалпы Алматы қаласы бойынша маслихат депутаттығына 95 кандидат өтініш білдірген болатын. «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының XVIII кезектен тыс конференциясында 37 үміткердің кандидатурасы бекітілді. Жас актер мен белгілі журналистерден басқа тізімде кәсіпкерлер, дәрігерлер, шенеуніктер мен қоғам қайраткерлері бар.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға