Жаңалықтар

Партиялар сайлауалды үгіт-насихатты бастады

Партиялар сайлауалды үгіт-насихатты бастады
20.02.2023 16:40 2685

Партиялар сайлауалды үгіт-насихатты бастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кеше республикалық деңгейде Қазақстан Аналарының Құрылтайы өтті. Қазақстан Халық партиясы мен Қазақстан аналарының бірлестігі бірігіп ұйымдастырған шараға еліміздің түпкір-түпкірінен делегаттар қатысты. Күн тәртібінде көпбалалы, жалғызбасты және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналардың әлеуметтік мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар ҚХП сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

Бүгінде партия Қазақстан аналарының бірлестігімен ынтымақтастықта еңбек етіп келеді. Ал бірлестік жетекшісі Гаухар Танашева ҚР Парламенті мәжілісіне Халық партиясынан кандидат.

– Әрине, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көңіл бөлініп келеді, – деп атап өтті іс-шара барысында ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаев. – Бірақ Халық партиясы көпбалалы отбасыларды қолдаудың қуатты мемлекеттік бағдарламасын қабылдауға ниетті. Себебі, көпбалалы отбасылар – қазақ қоғамының асыл құндылығы.

Жиын барысында үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылатыны әділетсіздік деп ашынды көпшілік. Себебі, «Көпбалалы ана» мәртебесі болмағасын, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден де құралақан қалады.

Осы орайда Халық партиясы алтын құрсақты аналарымыздың мәртебесін өмір бақи сақтауды талап етіп отыр.

Сонымен қатар жас отбасыларға берілетін ипотекалық жеңілдіктер, ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламалары мен көпбалалы аналарға ұсынылатын мемлекеттік қолдаулар бойынша партияның ұсыныстары сөз болды.

«Сайлауалды бағдарлама қалалар, ауылдардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді», – дейді Төраға.

 

«Жақтастар» форумы аясында Respublica партиясының халықпен кездесуіне Талдықорған қаласының 1 мыңнан астам тұрғыны қатысты.

Бүгін үгіт-насихат туры желісімен Respublica партиясының жетекшілері мен депутаттыққа кандидаттары Жетісу өңіріне барды. Сапар барысында партиялықтар облыстағы бірқатар елді мекен мен Талдықорған қаласында болды. Облыс орталығында «Жақтастар» форумы мен партия жетекшілерінің, депутаттыққа кандидаттардың және республикалық сайлауалды штаб мүшелерінің қала халқымен кездесуі өтті, оған 1 мыңнан астам тұрғын қатысты.

Форумда Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова сөз сөйлеп, бұл саяси науқанның еліміз үшін маңызы зор екенін айтты. Өйткені, Қазақстанда көп жылдардан бері алғаш рет жаңа партиялар тіркеліп, сайлау бәсекесіне белсене қатысып жатыр.

«Біз, Respublica партиясы жақында ғана құрылғанымызға қарамастан, біздің қатарымыздағы жас бизнес өкілдері елдегі ескі, таптаурын жүйені қалай өзгерту керектігін біледі. Біз шын пейілімізбен азат та гүлденген Қазақстанда өмір сүргіміз келеді», - деді Шүкіжанова.

Форумға партияның тең төрағасы Сырымбек Тау, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Олжас Құспеков, Қырмызы Жандосова, Бақытбек Хамит, Екатерина Смолякова, Динара Наумова және Олжас Болатбекұлы да қатысты. Жиныда партия мүшелері, жергілікті кәсіпорындардың жұмысшылары, азаматтар мен қоғам белсенділері еліміздің дамуы мен өркендеуіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды, ұсыныстарын да жеткізді. Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген реформаларды жан-жақты талқылады.

«Біздің партия қазақстандықтардың өмірінің барлық салаларындағы қажетті өзгерістерді көре біледі. Біз шағын және орта бизнесті дамытуды жақтаймыз және бюрократиямен, сыбайлас жемқорлықпен, несиелеудің жоғары мөлшерлемесімен, үлкен салық ауыртпалығымен және басқа да проблемалармен күресетін боламыз. Біз Қазақстанның барлық азаматтарының мүддесін қорғауға қызмет етеміз мемлекеттік органдардың ашықтығы, әділдігі үшін күресеміз», – деді Сырымбек Тау.

Respublica партиясының мүшелері Жетісу өңіріне сапары барысында Кербұлақ ауданы Сарыөзек қаласының тұрғындарымен де кездесіп, проблемаларын тыңдады.

Сондай-ақ партиялықтар облыстық сайлауалды штабында болып, өңірден бекітілген кандидаттарымен пікірлесті.

Тараз қаласында «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жигули Дайрабаев, Анна Данченко, Ерболат Саурықов, Дәулеткерей Кәпұлы және облыстық мәслихатқа кандидаттар «Полиэтилен-Агро» ЖШС еңбек ұжымының 70-тен астам қызметкермен кездесті. Олар кәсіпорын жұмысымен, шығаратын өнімдерімен танысып, даму жоспарын талқылады.

Кандидат Жигули Дайрабаевтың айтуынша, қазіргі ауыл тек мал шаруашылығы мен егіннен ғана емес, ол, ең алдымен, мәселені кешенді шешуден тұрады. «Ауыл» партиясының негізгі міндеттерінің бірі – агросектордың  индустриялық әлеуетін дамыту.

«Біздің партия ауыл өндірісін және агроөнеркәсіптік кешен үшін индустрияны дамытуды қолдауды жақтайды. Мұндай кәсіпорындар әр өңірде болуы тиіс және біздің міндетіміз осы мәселелерді барлық мүмкін деңгейде шешу», - деді Жигули Дайрабаев.

Кәсіпорын жұмысшылары Жигули Дайрабаевтың бұл пікірімен толығымен келісті. «Ауыл» партиясы еліміздің жоғарғы заң шығарушы органында өз сайлаушыларының мүдделерін қорғай отырып, еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге ұмтылады.

Партиялар сайлауалды үгіт-насихатты бастады

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар шара соңында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ қызметкерлерге «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.  

«Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев пен партияның елордалық филиалының жетекшісі Асқар Смағұлов сайлауалды үгіт-насихат аясында «Астана су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу аясында «Ақ жол» лидері партияның бағдарламасына тоқталып, жұмысының басым бағыттарын атады.

- «Ақ жол» партиясы - бұл отандық өндірушілер партиясы. Біз үнемі Парламент мінберінен болсын, жалпы өкілетті органдармен сөйлескен кезде де осы отандық өндірушілерді нақты іс жүзінде қалай қолдау керектігін айтып отырамыз. Бағдарламамыз бойынша айтсақ, біріншіден, әрине, мемлекеттік тіл, тәуелсіздігіміз, жер тұтастығымыз. Бұл еліміздің басты құндылықтары. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» деген. Құдайға шүкір жетім емеспіз, мемлекетіміз бар. Біз мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қалаймыз. Біздің ойымызша қазақша сөлейтін жастар біздің қоғамымызда өзіне лайық орын таппай отыр. Бұл үлкен проблема, - деген Азат Перуашев, партия бағдарламасын егжей-тегжей түсіндіріп берді.  

Сонымен қатар, мақсатымыз экономикамызды дамыту, экономикамыздың  құралын өзгерту.

Екінші мәселе демократия және парламентаризм. Одан бөлек, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық. Жемқорлық пен бюрократия. Жемқорлықтан бос орын қалмады бізде. 

Партиялар сайлауалды үгіт-насихатты бастады

Үшінші мәселе бұл әділетсіздік пен монополия. Экономикада ашық бәсекелестік жоқ. Монополия тек экономикада емес, тіпті тариф саясатында да орныққан. Бағдарламамыздағы басым бағыттың бірі салиқалы сыртқы саясат. Ешбір экономикалық, басқа болсын одақтар, еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмеуі керек, - деді Азат Тұрлыбекұлы.  

Саяси доданың алғашқы дүйсенбісінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының тізімі бойынша кандидаттарымыз Әуесбаев Н., Насибулов М., Токсамбаева М. «Корпорация Караганды-Нан» ЖШС қызметкерлерімен, сонымен бірге Қарағанды облысы сайлаушыларымен кездесу өткізді.

«Мемлекеттің басқару жүйесінің тиімсіздігіне әкеп соқтырған, шешімін күттірмейтін басты мәселе – сыбайлас жемқорлық. Біз осы бағыттағы жұмысымызды әрі қарай да жалғастырамыз. Халықтың мүддесі біз үшін бірінші орында», - деп атап өтті Мақсұт Насибулов.

 

"Байтақ" жасылдар партиясының өңірлік штабы 2023 жылғы 20 ақпанда Түркістан облысының Сайрам және Шымкент қалаларында Сайрам-Шымкент-Түркістан бағытымен автобус турын бастады. Аталған іс-шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласы штабының мүшелері, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан мәслихатқа кандидаттары қатысты.

Акция ірі қалалар мен өңірлердің экологиялық мәселелеріне, ауаның, су қоймаларының және ландшафттың ластануының жоғары деңгейіне назар аударуға бағытталған. Міндет-таза қоршаған ортаны қорғауға, табиғатқа ұқыпты қарауға, таза энергия мен өнеркәсіп құруға және адамдардың денсаулығын сақтауға шақыру.

Тур барысында акцияға қатысушылар жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдады.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірлерде сайлаушылармен кездесуді бастады. Штаб мүшелері бірінші Түркістан облысында болды.
 
Түркістанда зиялы қауыммен кездесу өтті. Жүздесуде партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан рухани құндылықтар мәселесіне, ұлттық мәдениет пен шығармашылық адамдарын қолдау жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.
 
«Халық үшін сіздерің ой-пікірлеріңіз ерекше маңызды. Сондықтан алғашқы кездесуді өздеріңізбен өткізіп отырмыз. Сіздер мемлекет пен қарапайым халық арасындағы алтын көпір іспетті әрдайым әділеттілік пен туралықтың жақтаушысы болып келесіздер. Қоғам тынысының тамырын тап басып, көптеген мәселе бойынша өз ойларыңызды ашық жеткізесіздер», - деді Республикалық сайлауалды штабтың басшысы Ерлан Қошанов.
 
Партия Төрағасы мәдениет қайраткерлерінің қоғамдағы ерекше беделін ескере отырып, «AMANAT»-тың партиялық тізімдерін жасау барысында шығармашылық адамдарын – белгілі айтыскерлерді, жазушыларды, журналистерді тізімге қосуға ерекше назар аударғанын атап өтті.
 
Партия жыл сайын үш жүз мәдениет нысанын салу және жаңғыртуды қамтамасыз етуді жоспарлап отырғаны айтылды. Оның ішінде театрлар, кітапханалар, коммуникациялық, білім беру және демалыс орталықтары бар. Мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы екі есеге арттырылады.
 
Бұдан соң штаб мүшелері Кентауда қалалық ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған жылу энергетикалық торап бүгінде 14 мыңға жуық абонентті қамтамасыз етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға