Парламент 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақыны көтеру туралы заң қабылдады
Келесі жылдың басынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңге болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан Парламенті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақыны өсіру туралы заңды қабылдады.
Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарап, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасымен келісті. Бұл түзетулер өңірлерге бөлінетін субвенциялар көлемін 17,5 млрд теңгеге ұлғайтуды көздейді. Сонымен қатар 2026 жылы өңірлерді дамытуға қосымша 28,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Құжатқа сәйкес, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ға арттыру мүмкіндігі ескеріле отырып жоспарланған.
Келесі жылдың басынан бастап мына көрсеткіштер белгіленеді:
ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге;
айлық есептік көрсеткіш – 4325 теңге;
кедейлік шегінің мөлшері – 50 851 теңге.
20 қарашада Сенат депутаттары 2026-2028 жылдарға арналған бюджет туралы заңның кейбір баптарын қолдамаған болатын. Нәтижесінде Сенат 76 түзету енгізді.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы 118 пайызға дейін өсетіні туралы жазғанбыз.

