Париж Олимпиадасына арналған киім формасының дизайнына жаңа конкурс жарияланды
Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы Париждегі жазғы Олимпиадаға арналған Қазақстан ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурс қайтадан жарияланғанын хабарлайды, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Дирекция мәліметінше, осыған дейінгі ақпан айында басталған Қазақстан ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурста қатысушылардың ешбір эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпауына байланысты комиссия алғашқы конкурсты өтпеді деп шешім шығарды.
Киімдер ту ұстаушылар, салтанатты рәсім мен жаттығуға арналған жұптан тұрады. Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды. Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшыларымыз бен БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл қатарда Елдос Сметов, Серік Сәпиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмилә Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Абиба Әбужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсыновты атап өтуге болады. Комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.
Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы Ереже шарттарына сәйкес Комиссия отырысында анықталады.
Конкурс кезеңдері:
I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылар өтініштерін, материалдарын қабылдап, қарайды (2024 жылғы 10 сәуір 20:00-ден 15 сәуір сағат 18:30 дейін).
ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, жарияланады (2024 жылғы 16-17 сәуір аралығы).
Конкурсқа қатысушыларға түсіндіру жұмысына және жалпы конкурс өткізуге ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті Спортты дамыту дирекциясының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Ержан Асқаров жауапты.