Жаңалықтар

Париж-2024: Паралимпиада ойындары қашан және қайда өтеді?

Париж-2024: Паралимпиада ойындары қашан және қайда өтеді?
Фото: Паралимпиада комитеті/Арлан Олжабай 27.08.2024 15:38 657

Францияның Париж қаласында ұйымдастырылған жазғы Паралимпиада ойындары ел астанасында алғаш рет өткізілмек. Бұған дейін Париж ешқашан Паралимпиада ойындарын қабылдамаған. Сондықтан айтулы оқиға қала тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи маңызға ие болмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл сынға әлемнің түкпір-түкпірінен 167-ге жуық мемлекет қатысады. Осы елдерден шамамен 4400-дей спортшы бақ сынасып, өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Оның ішінде Қазақстан атынан 44 спортшы бар.

2024 жылдың 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтетін XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен 33 жолдама еншілеген болатын. Төртжылдықтың басты додасында барлығы 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынса, биыл еліміз рекордтық лицензияға қол жеткізді. Себебі, 1996 жылдан бері Паралимпиада ойындарына Қазақстан тарапынан Атланта -1996 жарыстарына 12 спортшы, 2000 жылы Сиднейде 2 спортшы, 2004 жылы Афина қаласында 8 спортшы, 2008 жылы Пекинде 3 спортшы, 2012 жылы Лондонда 7 спортшы, 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында 11 спортшы және 2021 жылы Токиода 27 спортшы қатысып келді. Ал осы жылы паралимпиадашылар қатары едәуір өсіп, ел тарихындағы жаңа рекордтық көрсеткішті орнатты. Одан бөлек, биыл жазғы ойындарда алғаш рет ел намысын пара үстел теннисінен Али Махулбеков қорғайтын болады. Сондай-ақ, Паралимпиада ойындарын 1996 жылы бастаған волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшелері араға 28 жыл салып жазғы ойындарға қайта оралды.

Ашылу салтанаты

Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты ресми түрде 28 тамыз күні өтеді. Аталмыш доданың шымылдығы Париждың жүрегі саналатын әйгілі  Champs-Élysées бульвары мен Place de la Concorde алаңында ашылады. Бұл орындар Францияның тарихы мен мәдениетінің символы ретінде, Паралимпиада ойындарына қатысушыларды және қонақтарды қарсы алуға арнайы таңдалған. Франция төрінде туымызды волейболды отырып ойнау спортынан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара оқ атудан Севда Алиева алып шығады. Жұлдызды ойын ашылу салтанатынан кейін, яғни 29 тамыз күні басталады.

Ойын нысандары

Олимпиадалық нысандардың басым бөлігі Паралимпиада ойындары үшін де қолданысқа беріледі. Қазақстан ұлттық құрамасы жазғы ойындарда 9 спорт түрінен 9 нысан бойынша өнер көрсетеді. Жарыс алаңдары спортшылардың мүмкіндігіне қарай паралимпиадалық қалашыққа жақын орналасқан. Тек пара оқ ату мемлекет астанасынан тыс жерде 2 сағаттық жолды қамтитын, Шотару қаласында өтеді. Атап айтсақ:

29, 30, 31 тамыз - пара таэквондо - Grand Palais,

29, 31, 2, 5, 6 қыркүйек - вВолейболды отырып ойнау - North Paris Arena

30, 31, 4, 5 қыркүйек - пара жеңіл атлетика - Stade de France

31, 1, 4, қыркүйек - пара оқ ату - Chateauroux Shooting Centre

1, 3, 4, 5, 6 қыркүйек - пара жүзу - Paris La Defense Arena

1, 2, 4, 6,7 қыркүйек - пара үстел теннисі - Suth Paris Arena

5, 7 қыркүйек - пара паэурлифтинг -Porte de La Chapelle Arena

5,6, 7 қыркүйек - пара дзюдо Champ - de Mars Arena

6, 7 қыркүйек - пара каноэ Vaires-sur- Marne-Nautical Stadium

Аталмыш бәсекені Қазақстан аумағында көрсету құқығын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары иеленді.  XVIІ Жазғы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінде 28 тамыз күні 23.00-де көрсетіледі.

Айта кетейік, Париж-2024 Паралимпиада ойындарына аймақтар бойынша сегіз лицензиясымен Атырау облысы бірінші орында көш бастаса,  Астана қаласы 5 лицензиямен  екінші орында тұр. Ал,  Жамбыл облысы 4 лицензиямен үшінші орынға тұрақтады. Жалпы алғанда Қазақстан тоғыз спорт түрінен: пара таэквондо, пара жеңіл атлетика, пара оқ ату, пара жүзу, пара үстел теннисі, пара паэурлифтинг, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнаудан қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға