Жаңалықтар

“Парасатты полицей” байқауының жеңімпаздары анықталды

Жамбылдықтар бас жүлдеге жеңіп алған теледидарды үйі толығымен өртеніп кеткен Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы әріптесіне жолдағанын айта кеткеніміз абзал.
“Парасатты полицей” байқауының жеңімпаздары анықталды
Фото: дереккөз 09.09.2022 21:39 2123

Жыл сайын өтетін “Парасатты полицей” байқауы ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен полицей мамандығының беделін арттыруды көздейді, деп хабарлайды EL.KZ.

Республикалық байқауға ҚР Ішкі істер министрлігі мұрындық болып, мемлекеттік тілді жұмыста әрі тұрмыста кеңінен қолдану, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткізіп отыр.

Ақмола облысының Көкшетау қаласына еліміздің әр өңірінен келген түрлі ұлт өкілдерінен құралған 85 полиция қызметкері жиналды. Сайыс барысында 17 команда өз ойын мемлекеттік тілде дұрыс жеткізе білу, түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындауда тапқырлық танытудан сынға түсті.

Қазылар алқасы “Таңыстыру сайысы” және “Адал қызмет – басты міндет” атты екі сайыс кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлдені Жамбыл облысынан келген шығармашылық ұжым қанжығалады. Бірінші орынды – Қызылорда қалалық Полиция департаменті иеленді. Екінші және үшінші орындарды Қостанай, Жетісу, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстары өзара бөлісті. Көрермен көзайымы Солтүстік Қазақстан облысының қызметкерлеріне бұйырса, түркістандық тәртіп сақшылары “Тілі басқа – тілегі бір” номинациясына ие болды.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Жамбылдықтар бас жүлдеге жеңіп алған теледидарды үйі толығымен өртеніп кеткен Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы әріптесіне жолдағанын айта кеткеніміз абзал. Екінші орын алған қостанайлық тәртіп сақшылары өңірлері өртке оранған қиын-қыстау сәтте еліміздің барлық өзге облыстарындағы полиция қызметкерлерінің қолдауын сезінгендерін айтты. Байқау нөмірлеріндегі өрт тақырыбы да олардың жанашырлығын көрсетті.

Марапаттарды салтанатты түрде табыстамас бұрын, байқауға қатысушылар мен Ақмола облысы Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Дәстүр бойынша 2023 жылғы кезекті “Парасатты полицей” байқауының эстафетасы Жамбыл облысы департаментінің жеңімпаз командасына табысталды. Жамбылдықтардың сөзінше, бұл жеңіс оларға ерекше жауапкершілік жүктеп, кәсіби қызметінде үлгілі болуға серпін береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға