Жаңалықтар

Паралимпиадада топ жарған қазақ қызы Ақмарал Науатбек жайлы не білеміз?

Паралимпиадада топ жарған қазақ қызы Ақмарал Науатбек жайлы не білеміз?
Фото: Нұрғали Жұмағазы 06.09.2024 16:30 1727

 Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында әйелдер арасында дзюдодан 48 келі салмақ дәрежесінде (J санаты) бақ сынаған отандасымыз Ақмарал Науатбек алтынды қанжығамызға байлады. Отандасымыз финалда жергілікті француз спортшысы Сандрин Мартинесті иппонға түсірді. Сөйтіп, Ақмарал Зульфия Габидуллинадан кейін қазақ әйелдерінен шыққан Паралимпиада чемпионы атанды. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көз жанарына байланысты Паралимпиадаға ауысқан чемпион жайлы деректермен бөлісуді жөн көрді.

Спортқа қалай келді

Ақмарал Науатбек – 1999 жылы 8 қаңтарда дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Ақмарал Науатбек 2022 жылы Мәди Амангелді есімді дзюдошыға тұрмысқа шыққан. Спортшы желідегі парақшасында отбасылық суреттерін жиі жариялап тұрады.

Ақмарал пара дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. J2 санатында, 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Жеке жаттықтырушысы – Айдын Анапин. 

Ақмарал спорттық мансабын 11 жасында бастаған. Ол 2017, 2018 және 2019 жылдары дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. 2021 жылы көру қабілеті нашарлаған соң, ол паралимпиадалық дзюдоға ауысып, мансабы осыдан басталды.

Паралимпиадада топ жарған қазақ қызы Ақмарал Науатбек жайлы не білеміз?Сурет: Нұрғали Жұмағазы

Отадан кейін спортқа қайта келу жоспарда болды. Біраз уақыт реабилитациядан өттім. Ештеңе көмектеспеді. Көзімнің көруі де нашарлады. Дәрігерлердің дзюдомен әрі қарай айналыса алмайсын дегені мен үшін қиынға соқты. Не істерімді білмедім. Бірақ парадзюдоға келіп, бұл мен үшін үлкен мүмкіндік екенін түсіндім, - дейді Ақмарал өзінің Qazqontent-ке берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол өзінің басты қолдаушысы анасы екенін де әрдайым айтып жүреді.

Анам – менің ең басты жанкүйерім. Көру қабілетімнің нашарлығына байланысты  барлығы спортты тастау керегін айтты. Бірақ сол кезде анам ғана «Барлығы жақсы болады. Спортты тастағын келмесе, әрі қарай жалғастыр. Мен әрдайым сені қолдаймын» деді. Сол кезде өзім үшін күресемін деп шештім, - дейді дзюдошы.

Пара спорттағы жолы

Ақмарал 2022 жылы Бакуде өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда 2016 жылғы паралимпиада чемпионы, француз дзюдошысы Сандрин Мартинетті жеңіп, жеңіске жетті. Бұл жеңіс оның пара дзюдодан жетекші спортшылар арасындағы мәртебесін нығайтты.

2023 жылдың сәуірінде дзюдошы Халықаралық зағиптар спорты федерациясының (IBSA) Азия чемпионатында өнер көрсетіп, жекелей сында күміс жеңіп алды, сонымен қатар командалық есепте Қазақстан құрамасына соңғы жеңісін әкеліп, алтын медальға ие болды.

2023 жылдың тамыз айында Ақмарал Науатбек Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен IBSA әлем ойындарының алтын жүлдегері атанды.  

2023 жылы қазанда ол Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ІV жазғы Азия пара ойындарында чемпион атанып, спорттағы жеңіс жолын жалғастырды.

Осыдан кейін, 2023 жылдың желтоқсан айында Токиода (Жапония) өткен IBSA Гран-приінде алтын жеңіп алды.

Биыл ақпан айында ол Гейдельбергте (Германия) өткен IBSA Гран-приінде жеңісін тойлады.

Ақмарал Науатбек Париждегі паралимпиада ойындарындағы жеңісінен соң өз әсерімен бөлісе кетті.

Өте қуаныштымын. Себебі қарсыласым жергілікті француз спортшысы болды. Өздеріңіз де оған қандай қолдау болғанын естідіңіздер. Бірақ барлық қоқыныш пен ойларды шегердім. Алтын алғаныма өте қуаныштымын. Бұл қарсыласыммен әлем чемпионатында да күрескен болатынбыз. Финал мен жартылай финалда да кездестік. Негізі физикалық тұрғыда өте қиын қарсылас, - деді дзюдошы.

Ол үлкен додаларда әрдайым қасында басты қолдаушылары жүретінін айтты.

Жеңіске жеткеннен кейін ең әсерлі естелігім анама жүгіріп барғаным. Отбасымның барлығы қасымда болды. Анам, әпкем, інілерім бар және жолдасым да жанымда, - дейді Ақмарал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға