Жаңалықтар

Пара хоккейден қысқа метражды фильм жарыққа шықты

Пара хоккейден қысқа метражды фильм жарыққа шықты
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 29.08.2023 01:27 766

Пара хоккейден 2022 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы жайлы қысқа метражды фильмнің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, пара хоккейден 2022 жылы Таиланд астанасы Бангкокте өткен әлем чемпионатының С дивизионында Қазақстан ұлттық құрамасы сенсациялық 2-орын алған еді. Нәтижесінде Ұлыбритания мен Қазақстан құрамасы В дивизионына көтерілді.

Әлем чемпионатындағы алғашқы шайбаны Таиланд қақпасына капитан Қуат Карипбаев соққан болатын.

Бала кезден еркін күрес, футбол, т.б спорттармен айналыстым. Ал хоккейге мүлдем қызықпадым. 2019 жылы бір танысымның арқасында ғана пара хоккеймен таныстым. Алғашқы апта қиын болды. Бұл спорт менікі емес деп тастап кете жаздадым. Артынша осы спортқа қалай құмартқанымды байқамай қалдым. 2022 жылы әлем чемпионатында Таиланд қақпасына соққан алғашқы шайбамнан алған әсерім керемет. Оның үстіне біз жаһан біріншілігіне шананы өз қолымызбен жасап апарған едік. 1 жылдық тәжірибемізге қарамай, 10 жылдан бері айналысып келе жатқан елдерді жігерлігіміздің арқасында жеңіп кеттік. Астана қаласындағы әлем чемпионатына байланысты қуанышты жаңалығымыз бар. Енді біз қолдан жасаған шанамызбен емес, Канаданың зауытына тиесілі кәсіби шанамен ойнайтын боламыз. Бұйырса, күз мезгілінде жанкүйерлерімізді қуантуға барымызды саламыз, – деді пара хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қуат
Карипбаев.

«Qazaqstan»жеңіл атлетикалық кешенінде өткен қысқа метражды фильмнің тұсау кесеріне Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Махамбетов Мейрамбек, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, «Бейбарыс» хоккей клубының президенті Болат Бушанов, Ресейден арнайы қонақ ретінде Михайлов академиясы клубы, Қазақстан пара хоккейшілері қатысты.

Алдағы қазан айында Қазақстан құрамасы В дивизионының ойындарын Астана қаласында қабылдайтының мәлім етті.
Олардың қарсыластары ретінде Швеция, Словакия, Жапония, Ұлыбритания атанбақ.

Қазақстан ұлттық құрамасының барлық мүшелері Астана қаласынан құрайды. Жалпы, құрамада 17 пара хоккейші бар. Ең жасы – 18, ең егдесі – 53 жаста. Өкінішке қарай, пара хоккей жайлы ақпараттың аздығы осы спортқа деген қызығушылықты төмендетіп тұр. Осы фильм арқылы өзге жандарды да спортпен айналысуға шақырамын! – деді Қазақстан пара хоккей федерациясының өкілі Қайрат Сабиров.

Арнайы шарадан соң, алдағы әлем чемпионатына дайындық мақсатында Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейдің Тула облысынан келген «Михайлов академиясы» клубымен шеберлік алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға