Жаңалықтар

Пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Азия чемпионатында күміс медаль иеленді

Пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Азия чемпионатында күміс медаль иеленді
Фото: Қазақстан пара дзюдо федерациясы 28.04.2023 15:51 1183

Ақмарал Науатбек пара дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстан пара дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ол пара дзюдодан J2, яғни көзі нашар көретіндер санатында бақ сынады.

Бүгін Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. Мақсат – өз елімізде өтіп жатқан әлемдік жарыста алтын алып, әнұранымызды шырқату болатын. Өкінішке қарай, өз қателігімнен қолда бар алтыннан айырылып қалдым. Маған үміт артқан барша жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Бұл менің әлем чемпионы ретінде қатысқан алғашқы жарысым еді. Осы қателігімнен сабақ алып, келесі жарысқа аянбай еңбек етемін. Дзюдодағы басты мақсатым – Паралимпиада ойындары. Бар күш-жігерімді осы мақсатымды бағындыруға арнаймын, - дейді Ақмарал Науатбек.

Айта кетерлігі, осы салмақ дәрежесінде өзбекстандық Лобар Хурромова жеңімпаз атанса, Кокила (Үндістан) мен Юи Фужиуара (Жапония) қола жүлдені өзара бөлісті.

Азия чемпионаты Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Жарыс 30 сәуірге дейін жалғасады.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға