Жаңалықтар

Панфилов дивизиясының жауынгері 101 жасқа толды

Бұл туралы Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді
Панфилов дивизиясының жауынгері 101 жасқа толды
Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі 10.09.2022 21:25 2805

Бүгін әйгілі Панфилов дивизиясының соңғы жауынгерлерінің бірі, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаев 101 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz Ұлттық гвардияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешевтің басшылығымен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Асатулла Құлахметов қарияның шаңырағына арнай барып, еселі еңбегі мен ғибратты ғұмырын айрықша атап, құттықтады.

5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ал ұландық жауынгерлер салтанатты шерумен жүріп өтті.

Панфилов дивизиясының жауынгері 101 жасқа толды

«Бүгін біз, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері соғыс ардагері, аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының солдаты Қайырлы Уатайұлы Жонқабаевты құттықтауға келдік. Жыл сайын ардагерлерге құрмет көрсету біздің дәстүрімізге айналды. Біз олардың Отанға жанқиярлық қызметінің, соғыс жылдарындағы көзсіз ерліктерінің үлгісінде өскелең ұрпақты тәрбиелейміз. Өкінішке орай, жыл өткен сайын ардагерлеріміз азайып келеді», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Нязтай Әлкешев.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды. Соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада борышын өтеген. Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970-1983 ж.ж. Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.

ІІ дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға