Коллаж El.kz

Пәндерді біріктіру: реформа ма, әлде білімге қауіп пе? Сарапшылар не дейді

18.12.2025 09:04

Биыл жыл басында мектеп пәндерін біріктіруге қатысты оқу стандартының жобасы жарияланған. Ол бойынша 2026–2027 оқу жылынан бастап елімізде мектептегі пәндік құрылымға қатысты жаңа тәсіл енгізілмек. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген оқу стандартына сәйкес, бірқатар пәндерді біріктіру ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, алгебра мен геометрия жеке-жеке оқытылмай, «Математика» пәні аясында біріктіріледі. Сол сияқты химия, физика және биология «Жаратылыстану ғылымдары» деген ортақ атаумен жүргізілмек. Ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері «Әлеуметтік ғылымдар» пәнінің құрамына енеді.

Дәл осы бастама соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып, көпшілікті алаңдатып қойғаны белгілі. Бұл мәселеге қатысты El.kz тілшісі білім саласының сарапшылары мен мамандарының пікірін білді.

Сан бар, сапа жоқ: білім жүйесіндегі басты түйткіл неде?

Кембридж университетінің түлегі, білім саласының сарапшысы Нұрмұхаммед Досыбаев аталмыш бастаманың шет мемлекеттердің білім жүйесінде оң қолданыс тапқанын атап өтті.

Шетелдік тәжірибеде бұл пәндерді неліктен біріктіреді? Иә, осындай біріктіру тәжірибесі бар. Бірақ біріктірудің басты себебі – мұғалім жетіспеушілігі. Мысалы, бізде бастауыш, орта және жоғары сынып бар ғой. Орта сыныптарда бұл пәндерді біріктіріп оқытады және тереңдетіп оқытпайды. Балаларда жалпы түсінік болу үшін біріктіріп оқытады. Соған орай мұғалім жетіспеушілігін шешіп, оларды жеткізуге тырысады, - дейді Нұрмұхаммед Досыбаев.

Фото: Нұрмұхаммед Досыбаев

Пәндерді біріктіру бастамасы білім сапасын арттыра ала ма, әлде мәселені тереңдете ме? Сарапшы ұсынылып отырған өзгерістердің сыртқы формасы әдемі болғанымен, негізгі түйін мұғалім сапасы мен кадр тапшылығында жатқанын айтады. Оның пікірінше, санға емес, сапаға басымдық бермейінше, кез келген реформа қағаз жүзінде ғана қалып қоюы мүмкін.

Бізде қазір сан болғанмен, сапа болмай тұр ғой. Біз бұл пәндердің бәрін бөлек оқытып келдік. Бірақ мұғалім жетіспеушілігі бізде де бар. Дәл осы мамандықтарды көптеген мықты оқушылар таңдай бермейді. Тиісінше, грантқа ілігу үшін әлсіз оқушылар таңдап, әлсіз маман қалыптасады, олар мектепке барып, дәл солай әлсіз оқушылар тәрбиелейді. Құжат жүзінде бәрі әдемі көрінгенімен, іс жүзінде бұл пәннен балалар көп ақпарат, сапалы білім алмай шығады. Шығып келе жатыр десек те болады. Сондықтан бұл жерде салдарларын қарау керек. «Сапаны қамтамасыз ету үшін не істеуге болады?» деген сұрақты бірінші орынға қою керек. Көрсетілетін құжат, есептен гөрі біз осы сұраққа жауап табуымыз керек. Жоғары сыныптарға келетін болсақ, жоғары сыныптарды шетелде біріктірмейді, - дейді ол.

Маманның пікірінше, Қазақстанда пәндерді қай кезеңде біріктіру көзделіп отырғаны нақты ашықталуы тиіс. Егер бұл қадам жоғары сыныптарға қатысты болса, онда оқушылардың терең білім алуына кедергі келуі мүмкін. Ал орта буында біріктіру мұғалім тапшылығына байланысты қарастырылса, онда оны кезең-кезеңімен, сапалы кадр дайындаумен қатар жүргізу қажет. Бұл мәселе жан-жақты әрі мұқият талдауды талап етеді.

Америкада 12 жылдық білім жүйесі, олар 11-12-сыныптарда бұл пәндерді тереңдетіп, жеке-жеке оқиды. Ал Ұлыбританияда 13 жылдық оқу жүйесі бар. Ол жақта да 12-13-сыныптарда бөлек-бөлек оқиды. Әр пәнді тереңдетіп оқып, таңдаған пәндері бойынша сырттай емтихан тапсырады. Сол емтихан нәтижесімен университеттерге конкурсқа түседі. Бұл грант емес, жалпы университетке қабылдану үшін керек. Ал бізде мәселе қай жерде жатыр? 10-11-сыныптарда біріктірейін деп жатыр ма, әлде орта сыныптарда біріктірейін деп жатыр ма, сол жағын ашып қарау керек. Егер жоғары сыныптарда біріктіретін болса, ол дұрыс шешім болмайды. Себебі балалар тереңдетіп оқи алмай қалады. Ал егер орта сыныптарда біріктірейін деп жатса, онда мұғалімнің жетіспеушілігіне байланысты болып жатса және мықты мамандарды дайындап, физика, химия, биологияны, көбінесе ең орта сыныптың бастапқысында үш пәнді біріктіреді, кейін физиканы бөлек шығарады. Сондықтан осы жағын дұрыстап қарау керек, - дейді білім саласының маманы Нұрмұхаммед Досыбаев.

Science форматына көшу керек - мектеп директорының ұсынысы

Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза пәндерді біріктіру мәселесіне салмақты әрі кезең-кезеңімен қарау қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі таңда мектептер мұндай өзгеріске толық дайын емес.

Әрине, дәл қазіргі сәтте пәндерді қосуға біз дайын емеспіз, сондықтан министр Жұлдыз Досбергенқызының қабылдаған шешімі қазіргі жағдай үшін өте дұрыс. Дегенмен, болашаққа стратегиялық тұрғыда қарасақ, менің жеке эксперттік көзқарасым басқашалау. Егер біз жүйелі түрде дайындалсақ, бұл өзгеріс білім сапасын жаңа деңгейге көтерер еді, - дейді Ақмоншақ Нұртаза.

Фото: Ақмоншақ Нұртаза

Бұл бастамаға қатысты мынадай ұсынысын білдірді:

  1. Кадр дайындығы: Ең алдымен мұғалімдердің біліктілігін тексеріп, арнайы курстар арқылы оларды пәнаралық байланысты орнатуға дайындап алуымыз керек.
  2. Орта буында (5-9 сынып): Пәндерді біріктіріп, «Science» (Жалпы жаратылыстану) ретінде оқытсақ тиімді. Мұнда құрғақ теория емес, PBL (Project Based Learning)-жобаға негізделген оқыту болуы тиіс. Баланы жиі бағалай бермей, қызығушылығын оятып, күнделікті өмірге, функционалды сауаттылыққа бейімдеген абзал.
  3. Жоғары буында (10-11 сынып): Бұл кезеңде, керісінше, оқушыға таңдау еркіндігін беріп, пәндерді бөлек оқыту қажет. Халықаралық AP (Advanced Placement) жүйесі сияқты, бала өзіне керек пәнді тереңдетіп оқыса, ертең университетке дайын маман болып шығады.

Егер осылай сатылап енгізсек: баланың ынтасы артады, өмірге тез бейімделеді және білім сапасы жақсарады деп ойлаймын, - дейді Ақмоншақ Нұртаза.

Жаратылыстануды біріктіру оңай емес – ұстаз пікірі

Астанадағы №84 Шейх Халифа бен Заид әл Нахаян атындағы мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Зуара Сүлейменованың айтуынша, химия, биология және физиканы біріктіру мәселесі қазір педагогтер арасында қызу талқыланып жатқанымен, бұл қадамға қатысты бірқатар кәсіби күмән бар.

Фото: Зуара Сүлейменова

Химия, биология, физика пәндерін біріктіру үшін осы үш пәннен де бірдей жетік білетін маман қажет. Сонымен қатар әр пән өз оқу мақсаттары мен бағдарламалық талаптарына сай толық меңгерілуі тиіс. Өйткені әлемдік деңгейдегі олимпиадалар мен бағалау жүйелері оқушылардың жаратылыстану бойынша функционалдық сауаттылығына негізделеді, – дейді мұғалім.

Ол өз тәжірибесін мысалға келтіріп, мұндай форматтың үлкен дайындықты талап ететінін атап өтті.

2020–2021 жылдары пандемия кезінде “ТВ сабақ” жобасында 6-сыныптарға жаратылыстану пәнінен сабақ бердім. Биолог болсам да, физика, химия, география тақырыптарын қосымша меңгеруге тура келді. Төменгі сыныптарда бұл мүмкін, бірақ жоғары сыныптарда пәндер міндетті түрде бөлек оқытылуы керек. Әр пәнді өз саласының майталмандары бергені дұрыс, – деп түйіндеді Зуара Сүлейменова.

Депутат пен министр не дейді?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пәндерді біріктіру мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық білдірді. Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде негізгі пәндер міндетті түрде бөлек оқытылуы тиіс. Депутат бұл тақырыпты жақында ғана толық танысып шыққанын айтып, халықаралық тәжірибені де зерделегенін жеткізді.

Аймағамбетовтің пікірінше, физика, химия, математика секілді іргелі пәндерді жаппай біріктіру – тиімсіз әрі жүйенің қазіргі жағдайына сай келмейді. Ол мұндай қадамға білім беру саласы әлі дайын емес екенін атап өтті. Депутат бұл бастаманы жалпы мектептер үшін орынсыз деп бағалап, оны білім сапасына қауіп төндіретін шешім ретінде сипаттады.

Бірақ жалпы бұл идея дұрыс емес деп айтуға мүмкіндік жоқ, өйткені көп дамыған мемлекеттерде олар STEM арқылы оқытылады. Мысалы, біздің халықаралық мектептерде материалдық базасы болса, олар сол мемлекеттік стандарттағы күтілетін нәтижелерге қол жеткізе алады. Солар туралы айтылатын болса, ол басқа мәселе. Бірақ жалпы білім беретін мектептерге пәндерді біріктіру – ойға қонымсыз, оған жол беруге болмайды, – деді ол.

Депутат мемлекеттік білім стандартындағы түсінбеушіліктерге де назар аударды. Оның айтуынша, көп талқыланып жатқан құжатта пәндерді біріктіру туралы нақты норма жоқ. Керісінше, стандартта математика, физика және химияны бөлек оқыту қажеттігі айқын көрсетілген. Ал кейбір мектептерге пәндерді қосып оқытуға мүмкіндік беру тек мұғалім жүктемесі, жалақысы мен оқулық мәселесіне байланысты уақытша норма ретінде қарастырылған.

Сөз соңында Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрінің ұстанымын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, әр пәнді жеке оқыту – ең дұрыс әрі тиімді шешім. Депутат бұл мәселені жан-жақты зерделегеннен кейін дәл осы көзқарастың білім сапасын сақтап қалуға мүмкіндік беретініне көз жеткізгенін атап өтті.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептердегі жаратылыстану пәндерін біріктіруге қатысты қоғамда өрбіген пікірталасқа нақты жауап берді. Министрдің айтуынша, бұл бағытта қабылданған шешім айқын әрі өзгеріссіз қалады: жаратылыстану пәндері бұрынғыдай жеке-жеке оқытылады.

Фото: Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Алайда біздің ұстаным біреу – бұл пәндер біріктірілмейді. Физика – физика болып, химия – химия, биология – биология күйінде қалады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр әр пәннің өзіндік орны мен маңызы бар екенін атап өтіп, жаратылыстану бағытындағы пәндерді біріктіру жөніндегі бастаманың ресми түрде тоқтатылғанын мәлімдеді.