Жаңалықтар

Пандемиядан кейін адам ағзасында эозинофил клеткалары шамадан тыс артып кеткен жағдайлар көп - Ғалия Түсіпбекова

Пандемиядан кейін адам ағзасында эозинофил клеткалары шамадан тыс артып кеткен жағдайлар көп - Ғалия Түсіпбекова
Фото: © El.kz 13.02.2024 23:52 1254

Ақпан айының 15-16 аралығында елордада өтетін «Аллергология және иммунологияның пәнаралық мәселелері» ІІ халықапалық ғылыми-практикалық конференцияға шетелдік және отандық 30-дан аса ғылыми сарапшы сөз сөйлеп, үздік тәжірибесімен бөліседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР ПІБ МО ауруханасы Аллергология орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін халықаралық конференцияда ересектер мен балаларда сирек кездесетін ауруларды қоса алғанда, күрделі аллергиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі көпсалалы және дербестендірілген тәсіл призмасы арқылы аллергология мен иммунологияның анағұрлым өзекті мәселелері бойынша жетекші шетелдік және қазақстандық мамандардың дәрістері, симпозиумдары, пікірталастары ұсынылады. Конференция шеңберінде замануи өзекті тақырыптар бойынша тар бейіндерге бағытталған практикумдар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау саласында аллергиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің замануи жоғары тиімді әдістерін табысты дамытуды ұйымдастыруға арналған дөңгелек үстел өткізіледі.

Биыл екінші рет өткізіліп отырған конференция еліміздің аллерголог-иммунолог мамандары үшін білім мен тәжірибесін шыңдаудың таптырмас алаңы болмақ. Себебі біз онда ең өзекті мәселелерді талқылаймыз. Атап айтқанда, қазіргі таңда дәрілік препараттарға аллергия, оның ішінде ең қиын өтетін анафилактикалық шок, Лайелл синдромы, демікпенің ең ауыр түрлері, есекжем сияқты ауруларды емдеу және оны емдеуде қолданылатын дәрілерді дұрыс қолдану мәселелерін жан-жақты қарастырамыз. Әсіресе әлемдік пандемиядан кейін адам ағзасында эозинофил клеткалары шамадан тыс артып кеткен жағдайлар көп кездеседі. Бұл аллергология саласына қатысты болғанымен, шамадан тыс артуы салдарынан онкологиялық немесе аутоиммундық ауруларға өтіп жатыр. Сол себепті оны уақытында диагностикалау мен емдеу өте маңызды. Бұрындары көз жұмып кететін ауруларды қазір тоқтата алатын биологиялық дәрілер бар. Олар негізінен Америка, Еуропа елдерінен шығарылатындықтан, тәжірибеде қолданылу аясын тереңірек зерттеп білу үшін де конференцияның маңызы зор. Біздің мақсат – еліміздің азаматтарын күрделі аурулардан уақытында арашалау үшін сала мамандарына ақпарат алып, тәжірибе алмасу ортасын ұйымдастыру. Біздің тағы бір жетістігіміз, есекжеммен ауыратын 42 науқасты халықаралық тізілімге енгіздік, қандай ем қолданып жатқанымыз және тағы да қандай ем қолдана алатынымыз туралы зерттеуге қатысып жатырмыз. Осындай ауқымды тәжірибелер конференцияда айтылатын болады, - дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының бас аллерголог-иммунологы, Аллергология орталығының басшысы Ғалия Түсіпбекова.

Офлайн және онлайн форматта өтетін екі күндік халықаралық конференцияға қазақстандық және шетелдік білікті аллерголог-иммунолог дәрігерлер, жас ғалымдар, денсаулық сақтау саласындағы белсенді мамандар қатысады.

Екі күндік конференцияны өткізуге Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы көмектесіп, Қазақстан Республикасы аллергологтері мен клиникалық иммунологтері қауымдастығы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қолдау білдіріп отырғанын атап өтуге болады. Халықаралық жиынның ашылуында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының директоры Рустам Албаев сөз сөйлейді.

ҚР ПІБ МО ауруханасында 2011 жылдан бастап Аллергология орталығы жұмыс істейді. Мұнда аллергия тудыратын түрлі ауруларға кәсіби ем қабылдауға болады. Бүгінгі күнге дейін 80 мыңға жуық адам орталық қызметіне жүгінген.

Орталық аллергиялық ауруларды кешенді тексереді және емдейді (тыныс демікпесі, аллергиялық ринит және конъюнктивит, атопиялық дерматит, есекжем және т.б.), түсініксіз диагнозы бар науқастарға кеңес береді, аллергиялық аурулардан зардап шегетін пациенттерді (дәрі-дәрмекке төзбеушілік) хирургиялық операциялар мен анафилаксия қаупі жоғары пациенттерді инвазивті процедураларға дайындайды және қан анализі бойынша аллергияның кеңейтілген диагностикасын жасайды.

Аллергияның түрлерін тиімді диагностикалау, емдеу және алдын алу үшін орталықта ең заманауи әдістер қолданылады. Мәселен, тамшылатып, аппликациялық, скарификациялық, тері ішілік, prick және patch жолымен теріден аллергиялық сынақтар алынады. Мұнда Immunocap аллергодиагностикасының соңғы технологиясы қолданылады.

Сонымен қатар Аллергология орталығы болашақ аллерголог-иммунолог дәрігерлердің білім мен білігін арттыруға да үлес қосады. Орталық мамандары халықаралық және ұлттық ғылыми-зерттеу жобалар ұйымдастыруда және халықаралық шараларға қатысуда белсенділік танытады. Аталмыш конференцияны келесі жылы жаңа деңгейде жалғастыру жоспары да бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға