Жаңалықтар

«Пандемия білім саласына оң өзгерістер енгізіп жатыр»

Жас мектеп директоры Шәкәрім Сейсембаймен сұхбат
«Пандемия білім саласына оң өзгерістер енгізіп жатыр»
17.04.2020 16:54 6967

Шәкәрім Сейсембай – еліміздегі ең жас мектеп директоры және 2019 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Ол басшылық ететін елордамыздағы № 54 мектепте барлығы екі жүзден аса қызметкер мен 2700 шәкірт білім алады. Шәкәрімнің ұстаздық қызметтегі басты мақсаты – еліміздегі білім саласын брендке айналдыра отырып, мәртебесін көтеру.

Ол бүгінгі уақытта білімді жастардың мектепке барып, мұғалім болмайтынын алға тартады. Ханның да, қараның да ұстаздары болғандығын айтқан Шәкәрім білікті де білімді педагогтарға мемлекетімізде қашанда қажеттілік бар деп отыр. Мектеп директорлығына келгеніне екі жыл толған жас маман, осы уақыт аралығында жасаған өзгерістерімен бөлісті.

fdgfdg.jpg

– Өзгеріс мектеп басшылығынан басталады. Мектептің инфрақұрылымы, мұғалімдердің сабақты беру сапасы мен олардың біліктілігі деген секілді бағыттарда жұмыс жасадық. Білім ордасына кішігірім анализ жүргіздік. Соның нәтижесінде кейбір функционалды зоналардың жетіспейтіні анықталды. Олар оқушылар мен ұстаздарға тікелей қатысты болғандықтан, инфрақұрылым тұрғысынан жаңартулар енгізу керек деп шештік. Жалпы, ілім ошағында өзім айтып өткен шәкірттер мен білім үйретушілерге жағдай жасалмаса, жақсы нәтиже күтудің қажеті жоқ. Әрине, бір-екі жылдың ішінде білім деңгейіне айтарлықтай өзгеріс енгізіп, арнаны жақсы жаққа бұрып әкету мүмкін емес. Біріншіден, тұрмыстық жағдайды ретке келтіру керек болды. Мектептегі отыздай әжетханаларды сауда үйлеріндегідей стандратқа сай жөндедік. Неге? Себебі, мектепте тәрбие беруді қолға аламыз дейміз, ал тәрбие тазалықтан бастау алады. Бұл мектептің өз қаражатына атқарылған шаруа болды. Заманға сай stan зертханалар мен коворкинг мұғалімдер бөлмесі, интеллектум кабинеттері, рекреация зоналарын жасадық. Мектеп ішінен тренингтер, түрлі семинарлар мен іс-шараларды өткізе беретін HUB кабинеттерді құрдық. Сонымен қатар, екі жылдың ішінде білім деңгейі бойынша тұрақты нәтижеге қол жеткіздік. Біздің мақсат – түлектердің еліміздегі бетке ұстар оқу ордаларына қабылдану болды. Өткен жылы, төрт бірдей бітірушіміз Назарбаев университетінің студенттері атанды. Бұл біздің мектептің тарихында алғаш рет болып отыр. Бір оқушымыз әлемдегі үздік жүздікке кіретін Гонконгтағы политехникалық университтің табалдырығын аттады.

Жас мектеп басшысы әлі де жүзеге асыратын көптеген шаруалар барын айтады. Қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық статусы бар жалпыға ортақ білім беретін бірінші мектеп болу үшін арнайы сыннан да өтіп жатыр екен. Бір қызығы, Шәкәрім ұстаз болуды армандамапты. Тек 10-сыныпқа келгенде ойы күрт өзгерген. Білім саласына деген құштарлығы артып, болашақта осы салаға келуді ойлайды. Сол сияқты оның анасы да мектеп басшысы болған жан екен. Үйдің кенжесі болған Шәкәрімнің көп уақыты мектеп қабырғасында өтеді. Анасымен бірге, білім ошағының күйбең тіршілігіне әбден қаныққан баладан жақсы басшы шығатынына сенбеу қиын.

– Мен оқыған мектепте жоғары сыныптың оқушылары төменгі сыныптың балаларына сабақ түсіндіретін жүйе бар еді. Менің биология пәнінен көптеген олимпиадаларға қатысып жүрген кезім. Мектептегі жүйе бойынша өзімнен кіші оқушыларды осы пәннен жарыстарға дайындай бастадым. Сол кезде білім беру маған жат емес, керісінше өзімді дәріс үйрету барысында жақсы сезінетінімді түсіндім. Жас буынға жаңа нәрсені үйрету, олардың көздерінен от көріп, бойларынан құлшынысты сезінудің керемет әсері педагогика саласына мені түбегейлі бағыттап жіберді десем болатындай.

Еліміздегі бірнеше бренд-мектептерде тәжірибе жинаған Шәкәрім отандық білім жүйесі оң қарқынмен дамып келе жатқанын жеткізді. Ол қазіргі уақыттағы теориялық білімнен алшақтау керектігін баса айтады. Балаларға сыни тұрғыдан ойлау, мәселелерді шешу секілді дағдыларды бойына құю керек деп есептейді жас директор.

– Технологиялар дамып жатқан кезде, ең алдымен адами капиталды басты назарда ұстау керек. Қазіргі таңда қай ел цифрализацияны жақсы меңгеріп, қарапайым тұрмыста қолдануға мүмкіндік жасап жатса, сол мемлекет ұтады деген сөз. Ал ол бағдарламаларды жасап шығарушы – адам капиталы. Сол себепті біз сыни көзбен қарай білетін, конструктивті шешімдер шығара алатын ұрпақ тәрбиелеу керекпіз. ҚР Білім және ғылым министрлігі ұстанған бағыты дұрыс дер едім. Мұны барлығымыз қолдап, қалай тез арада ұстаз бен балаға тиімді жолдарын жеткізуді ойластыруымыз керек. Заманның жаңа талабына сай келу арқылы әлемдік стандартқа жауап беріп, қарқынды түрде дамудың оңтайлы бағытына көшеміз. Жаңа өзгерістерге ілесіп кету ешқашан жеңіл болмаған.

Шәкәрімнің айтуынша, біздің мектептерде балаларды заманның талаптарына сай дамыту кешеуілдеп келе жатқандай. Осы ретте мектеп қабырғасынан оқушылар өмірге қажетті дағдыларды ала алмауы үлкен мәселе дейді. Балаларды теориялық білімге бағыттау, сабағының кілең бес болуын қадағалау, көптеген пәндерді игерту деген нәрселерге көп көңіл бөлудің өзіндік зардаптары бар екен.

– Өзіміз де көріп жүргендей, бұрын мектепте үздік оқыған жандар, өзінің үштік баға алып жүрген сыныптасынан табысты бола алмай жатады. Бұл орайда айта кететіні, сол нашар бағаға оқып жүрген бала «Қалай мұғаліммен тіл табыссам болады? Қалай көңілінен шықсам екен? Не істеу керек?» деген секілді көптеген сұрақтарды ойлап, бір проблеманы жан-жақты талдауға көшеді. Әрине, академиялық білімді дұрыс алмаса да өзім айтып кеткен өмірге қажетті дағдыларды осылай қалыптастыра бастайды. Осы орайда, барлығымыз «Қазіргі заманға сай көшбасшы оқушыны қалай тәрбиелейміз?» деген сұрақты алдымызға қойып, соған тоқталып, жауабын жаппай іздеуіміз керек.

Ұстаз бен оқушы арасында көптеген мәселе туындайды дейді жас педагог. Оның сөзінше, қазіргі мұғалімдердің біршамасы Кеңес заманында білім алған. Шәкәрім «өзгерістерге ашық болмаған педагог өзі оқушы кезде алған мектептегі тәрбиені шәкірттеріне де үйрету» тенденциясы бар екенін жасырмайды.

– Мен Назарабаев университетінде оқып жүргенде бірнеше бренд мектептерде жұмыс істеп үлгердім. Сонда жүріп өзіме сұрақ қойдым: «Осы жинаған тәжірибемді, алған білімімді неге жалпыға ортақ білім беретін мекемелерде көрмеске?». Бренд мектептерде салыстырмалы түрде қаржы жағынан жақсы жағдай жасалған, мұғалімдердің де хал-ахуалы жаман емес. Элитарлық мектеп пен қарапайым мектептердегі жағдай осылай жалғаса берсе, болашақта екеуінің ара-жігі анық көрініп, әлеуметтік бөлініске алып келуі мүмкін. Негізі, екі білім ошағында да біздің болашақ ел азаматтары тәрбеиленіп шығады. Бұл келешекте мемлекетімізге кері әсерін беруі ықтимал. Менің жалпыға ортақ білім беретін мекемеге келуіме түрткі болған осы мәселе. Қарапайым мектепке да жағдай жасап, жақсы жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдегім келеді.

Жас білікті мамандардың мектеп мұғалімдігіне бармауының түрлі себептері бар дейді ол. Жалақы, мектептер статусы жас маманның жұмыс орнын таңдауына қатты әсер ететіні рас.

– Біздің білім саласы көптеген реформаларды бастан өткеріп жатыр. Оның ішінде педагог мәртебесі деген заңнамаға да өзгертулер мен толтықтырулар енгізілуде. Онда айтылатын нәрселер жас, белсенді мамандардың мектепке жұмысқа орналасуына серпін бере алуы керек. Сол сияқты мұғалімдікке ебі бар баланы ұстаздар осы салаға шақырып, мектеп жасынан тәрбиелесе құба-құп. Немесе педагогикалық ЖОО-лардағы студенттердің шәкіртақысын көтеру керек пе деп ойлаймын. Олимпиада жүлдегерлері, жақсы жетістікке жетіп жүрген балалар өз еркімен осы саланы таңдаса деймін. Қазіргідей «грантқа түсу үшін мұғалімдікті таңдайды» деген нәрседен арылу керек. Сонда ғана, біздің білім ошақтарында білікті, білімді, өз саласын жанындай сүйетін, жас ұрпаққа жақсы тәрбие бере алатын мамандар саны артатын болады.

273d4a158356a4093b232b734e75b089.jpeg

Жас мектеп директоры алғашқыда білім ошағын басқаруда қиындықтар кездескенін айтады. Бірақ, Шәкәрім ұстаздық қызметке жұмыс ретінде емес, өмірі ретінде қараймын дейді. Мамандық таңдауда қателеспедім деген ол «осы салада қандай қиындықтар кездессе де қиналамын деп ойлаған емеспін. Алғаш директор болып келгенде кей жерде білімім жетіспей, кей тұста тәжірибем аздық етіп жатты. Бірақ, өз ісімді сүйгендіктен, алдымнан кезіккен мәселелерге жылдам жауап іздеп, тез жол тауып шыға білдім» деп отыр.

– Директор – бас ұстаз. Осы мектептегі барлық оқушыға бас педагогсың. Сол сияқты қол астыңдағы мұғалімдерге ұстаз бола білуің қажет.

Шәкәрім елде ғана емес әлемде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты, білім саласындағы қашықтан оқыту жүйесі көптеген жақсы өзгерістерге жеткізетінін айтады.

– Тек Қазақстан емес, басқа көптеген мемлекеттер қашықтан оқыту жүйесіне дайын болды деп айта алмаймын. Бұл ретте, басты ауыртпалық мұғалімдер мен оқушыларға түсіп отыр. Себебі, олар бір сыныптың ішінде дәстүрлі білім алуға дағдыланған. Тірі байланысқа үйренген ұстаздарға компьютердің алдында отырып, жұмыс жасау ауыр түсуде. Одан бөлек көптеген адамдардың ақпараттық технологияларды игерудің дағдыларының төмендігі қиындық тудырып жатыр. Білім саласында гаджеттерді белсенді түрде қолдану деген секілді мәселелер шықты. Бастауыш сынып оқушылары өз алдына физикалық тұрғыда белсенді екенін білесіздер. Оларды компьютер алдына отырғызып қойып, дәріс үйрету ата-аналарына да жеңіл тиіп жатқан жоқ. Десе де, бұл мәселелердің болғаны да жақсы ма деп қаламын. Бұл біздің білім саласына оң әсерін тигізеді.

Ұстаздардың цифрлық сауатына да көп көңіл бөлініп жатқаны ақиқат. Олар аз уақыттың ішінде көптеген платформаларды игере білді. Өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне отырып, жылдам жаңа өзгерістерге үйрене алды. Пандемия педогогтарға оң әсер етіп, цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектесті.

– Қазақстанның барлық өңіріне интернет желісі жеткізілмегендіктен, оқушыларға теледидардан сабақ жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекетіміздің әрбір балаға көмектесу шарасы деп ойлаймын. Бала көгілдір экран арқылы бір нәрсені үйренсе де, пайдалы. Салыстырмалы түрде Германияда қашықтықтан оқыту жүйесі әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Тіпті, ол ел де мұндай жүйеге дайын болмай шықты. Онымен салыстырғанда Қазақстан жылдам шешімін тауып, телеарналарды тартып, ұстаздар интернет арқылы дәріс өткізіп, барынша білім беруді қолға алды. Тіпті Қазпошта арқылы да балаға кері байланыс жасап отырған педагогтар бар. Бәрі керемет деп айта алмаймын. Бұл – өте орынды. Әрқашан жаңа нәрсе енгізілгенде айтарлықтай қиындыққа кезігеміз. Тек ұстаздар қауымы емес, ата-аналардың да қаншалықты әуреленіп жатқанын көріп-естіп жүрсіздер. Баланың жақсы тәрбие, білім алуы, алдымен ата-ананың жауапкершілігінде. Сол себепті, ата-аналарға да бұл жақсы сабақ болып жатқандай. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар бірнәрсе бола қалса, бірден мектепті сынап-мінеп шығады. Неге? Себебі, өзі ұл-қызын дұрыс танымайды. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста болып, өз балаларымен тілдеспейді. Ата-аналарға айтарым, балаларымызбен көбірек уақыт өткізіп, бірге ойнап, аналық-әкелік борыштарымызды атқара білейік!

Білім саласына Шәкәрімнің айтар өз ұсыныстары да бар. Ол көптеген жақсы палтформалардың бар екенін және тегін алуға мүмкіншіліктің де жолға қойылғанын айтады. Қашықтан білім беру онлайн сабақ емес екенін түсінуіміз керек дейді.

– Қашықтан білім беруге онлайн сабақ та, тапсырмалар мен инструкциялар да, дедлайн қою да жатады. Бұл жүйені тиімді қолдану үшін әр мектептің өзінің тұрған орнын, мүмкіншілігін қарастыру керек. Мәселен, біздің мектеп Нұр-Сұлтан қаласында болғандықтан, біз google-дің тегін платформаларын қолданып жатырмыз. Оны екі жыл бұрын енгізген едік. Үйретуді мұғалімдерден бастадық. Біз қазір осы арқылы оқушылармен байланыс жасап отырмыз. Бүкіл қажетті ақпараттар google дискке енгізілетіндіктен, оқушылар еркін ала алады. Тағы айтарым, бір мектептегі педагогтар бір жүйені пайдаланғаны дұрыс. Егер әртүрлі платформаларды қолданса, ортада балаға ауыр тиеді.

foto.jpg

2019 жылы өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанғанын Шәкәрім былай топшылайды:

– Жобада жеңіске жеткенімнен «қоғамда білім беру саласы белгілі бір мәртебеге ие болып келе жатқандығын» түсіндім. Осы жобаның арқасында білім саласының басты проблемаларын талқыға салып, шешу жолдарын табуына себепші болсам деген ойым бар. Алға қойған мақсат көп. Жобаға тек жеңу үшін қатысқаным рас. Сол ниетіме жеткеніме қуаныштымын.

(Суреттер ruh.kz cайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға