Жаңалықтар

Палуандық жаттығудан басталады

Қазақ халқы күрес десе елеңдеп тұрады, өйткені, ол ұлттың қанына сіңіріп, сан ғасырлық тіршілігінде оның өзімен бірге жасасып келе жатқан өнер түрі.
14.07.2015 08:56 4846

Қазақ халқы күрес десе елеңдеп тұрады, өйткені, ол ұлттың қанына сіңіріп, сан ғасырлық тіршілігінде оның өзімен бірге жасасып келе жатқан өнер түрі. Күресті үлкен өнер десек, оны жалықпай үйренген адам ғана жетік меңгерген, оның қыр-сырына тереңдеп бойлап, сан қырлы құпияларына қаныға алады.

Палуандық жаттығудан басталады

Әрине, мұнда табиғи күштің қайнарын аялай біліп, әрдайым оның көзін ашып, ширықтырып тұрмаса, күндердің бір күнінде ол күштің сарқылып бітуі де ғажап емес. Бірақ, бұдан күреспен тек бойында бұла күші сыймай тұрған жандар ғана айналысады деген ұғым тумаса керек. Рас, «күшті палуан» деген сөздің астарында көп мағына жатыр. Ол – күштілік, төзімділік, батылдық, басқа да сан түрлі тамаша адами қасиеттерді бойына жинаған нағыз сайыпқыран. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қасиеттерді бойға жинақтап, бір арнаға түсіріп, оны зор күшке айналдыруға ерекше ықылас пен ізденіс, талпыныс керек.

Ал, мұндай ізденіс пен талпыныс сан түрлі жаттығулардан тұрады. Ресми жарыстарда бір белдесуге бар-жоғы 10 минут қана уақыт беріледі. Байқайсыз ба, он-ақ минут! Бұл аз ғана уақыт палуанға үлкен сын. Себебі, осы сынды оның жаттығу кезінде шүмектетіп төккен терінің, жинақтаған тәжірибесінің нәтижесі көрінеді. Сондықтан палуан осындай сынға алдын ала өзін-өзі іштей дайындап, тек шеберлігін ғана емес, бұлшық еттерінің шымырлығын да нығайтуға күш салғаны абзал. Біз төменде күнделікті қайталанып отыруға тиісті бой жазудың бірнеше түрлерін ұсындық.

 1 жаттығу. Аяқты иық деңгейінде, кеудені тік ұстап, қолды екі иыққа қою керек. Содан кейін қолды жайлап алға-артқа айналдырды. Айналдыру кезінде демді бір қалыпты алған жөн. Мұны ем кем дегенде 4-5 рет қайталаған дұрыс.

2 жаттығу. Аяқты иық деңгейінде, екі қолды кеуденің алдына қойып, бүкіл денені алдымен  оңға, сосын солға қарай айналдыру керек. Жаттығу 3-4 рет қайталанады.

3 жаттығу. Аяқты иық деңгейінде, бір қолды жоғары, бір қолды төмен ұстайсыз. Сосын екі қолды бір мезетте алма-кезек шегіне жеткенше созу керек. Жаттығуды 10-12 рет қайталаған дұрыс.

4 жаттығу. Аяқ иық деңгейінде, кеуде тік. Сол қолды бүйірге, оң қолды жоғары көтеріп, оңға қарай барынша иілу керек. Сосын сол жаққа иіліп, жаттығуды бірнеше рет қайталау қажет.

5 жаттығу. Аяқ иық деңгейінде. Екі қолды бүйірге таянып, бөксені оңға-солға қарай алма-кезек айналдыру керек. Жаттығу 6-8 рет қайталанады. 

6 жаттығу. Аяқты иық деңгейінен алшақтата ұстап, екі қолды тізеге қойып, тізені ішке және сыртқа қарай алма-кезек қозғау керек. Жаттығу 8-10 рет қайталанады.

7 жаттығу. Аяқ иық деңгейінде. Екі қолды алға созып, бір-бірін уыстаған күйі бастан асыра ұстап, денені оң мен солға алма-кезек айналдыру керек. Мұны 6-8 рет қайталаған  жөн.

8 жаттығу. Аяқ иық деңгейінде. Тізені бүкпестен алға иіліп, екі алақанды жерге тигізу қажет. Бұл қимыл бірнеше рет қайталанады.

9 жаттығу. Жауырынды жерге тигізіп, шалқалап жатып, аяқты жоғары көтеріп, қайшылау керек. бұл қимылды қайталаған кезде жылдамдықты бірте-бірте арттырған жөн.

10 жаттығу. Жүрелеп отырып, қос қолды жерге тіреп, басты төмен тұқыртасыз. Сосын оны алға-артқа, оңға-солға қарай денемен бірге қозғайсыз. Мұны 6-7 рет қайталау қажет.

11 жаттығу. Жүрелей отырып, басты төмен тұқыртып, қос қолды жерге нық тіреп, аударылып түсесіз. Сосын шүйдені жерге тіреп, көпір жасап, алаға-артқа ырғаласыз. Жаттығу 8-10 рет қайталанады.

12 жаттығу. Алдымен бір аяқпен, сосын екі аяқпен бір орында тұрып, күш жеткенше неғұрлым биікке секіру керек. Осы жаттығудан соң әрлі-берлі жүріп, бұлшық еттерді босатып, бой жазуды жай, жеңіл жүріспен аяқтаған жөн.Бұдан кейін денені босаңсытып, басты төмен салып, қолды төмен сілкілеп, демді сыртқа шығарамыз. Мұны екі-үш рет қайталап, сонан соң ғана белге дейін салқын сумен жуынып, денені ылғал орамалмен сүртесіз. Осы жаттығулардан кейін дененің құрысқаны тарап, арқадан ауыр жүк түскендей жеңілденесіз. Шаршағаныңыз басылып күресуге деген ынтығыңыз артады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға