aa.com.tr

Палестинаны мойындаған мемлекеттер 150-ден асты

25.09.2025 05:28

Соңғы күндері бірқатар Батыс мемлекеттері - Франция, Люксембург, Мальта, Монако, Андорра, Сан-Марино және Бельгия Палестинаны ресми түрде таныды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұған дейін Канада, Австралия, Португалия және Ұлыбритания осындай шешім қабылдаған болатын. Нәтижесінде, БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің шамамен 160-ы Палестинаға мемлекет мәртебесін беріп отыр.

Палестинаның тәуелсіздігі алғаш рет 1988 жылы Алжирде Ясир Арафат жариялағаннан кейін, Африка, Азия, Латын Америкасы және араб елдерінің басым бөлігі оны мойындаған. Бүгінде қолдау географиясы кеңейіп, Еуропа мен англосаксон әлемінің елдері де қатарға қосылып отыр. Сонымен бірге Ватикан да Палестинаны мемлекет ретінде танып, БҰҰ жанында бақылаушы мәртебесіне ие.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім Палестинаның халықаралық субъектілігін күшейтіп, елшіліктер ашуға, сауда келісімдерін жасауға және халықаралық ұйымдарда қолдау табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, өзге мемлекеттердің мойындауы Израильмен қақтығысты тоқтатпайды және оккупацияны бірден жоя алмайды.

Израиль мұндай қадамды қатаң сынға алды. Елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон тануды «терроризмді марапаттау» деп бағаласа, премьер-министр Биньямин Нетаньяху «палестиналық мемлекет ешқашан құрылмайды» деп мәлімдеді. Ал АҚШ дәстүрлі ұстанымын сақтап, Палестинаны тек Израильмен келіссөздер арқылы «екі мемлекет» шешімі жүзеге асқанда ғана мойындайтынын айтты.

2025 жылдың қыркүйегіне қарай қалыптасқан жағдай халықаралық саясаттағы өзгерістерді айқын көрсетуде. Бұл тану толқыны қақтығысты толық шеше алмаса да, Израильге қысымды күшейтіп, палестиналықтарға жаңа дипломатиялық мүмкіндіктер ашып отыр.