Пәкістан ТЖ басқармасы

Пәкістанда жауын-шашын салдарынан 279 адам қаза тапты

28.07.2025 14:44

Пәкістанда маусым айының соңынан бері басталған муссондық жауын-шашын салдарынан кем дегенде 279 адам қаза тауып, 676 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы елдің ұлттық төтенше жағдайлар басқармасы мәлімдеді.

Табиғи апат елдің бірнеше аймағында үлкен зардап әкелді. 1 500-ден астам ғимарат бүлінген, жүздеген тұрғын баспаналарын тастап, эвакуациялануға мәжбүр болды. Сонымен қатар, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына да елеулі зиян келді.

Ресми деректер бойынша, ең көп шығынға ұшыраған – Пенджаб провинциясы: бұл өңірде 151 адам қаза тауып, 536 адам жараланған. Солтүстік-батыста орналасқан Хайбер-Пахтунхва аймағында 64 адам мерт болып, 80-нен астам адам жарақат алды. Қаза тапқандар Синд, Белуджистан және Гилгит-Балтистан аймақтарында да тіркелген.

Пәкістан билігі адам шығынын азайту және залалды барынша шектеу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Алайда синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері жауын-шашын күшейе түседі, бұл апат ауқымын одан әрі кеңейтуі мүмкін.

Айта кетейік, Пәкістанда муссон маусымы маусымнан қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл кезеңде жауын-шашын ауыл шаруашылығы үшін маңызды болғанымен, жиі су тасқындары мен табиғи апаттарға әкеледі. Биылғы муссон кезеңі ел үшін аса ауыр өтуде.

Бұған дейін Вьетнамда туристік кеме суға кетіп, отыздан аса адам қаза тапқаны туралы жазған едік