aa.com.tr

Пәкістанда үш жүзге жуық адам жауын-шашыннан қаза тапты

Пәкістанда маусым айынан бері толассыз жауған муссондық жауын-шашын мен су тасқынынан қаза тапқандар саны 299 адамға жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы PTV News телеарнасы Ұлттық төтенше жағдайлармен күрес басқармасына (NDMA) сілтеме жасап хабарлады.

NDMA дерегінше, 26 маусымнан бері табиғи апаттар салдарынан 140 бала қаза тауып, жалпы 715 адам жарақат алған. Су тасқынынан 1676 үй зақымданған, оның 562-сі толықтай қиратылған. Апат аймағынан 2889 адам эвакуацияланған, зардап шеккен өңірлерде гуманитарлық көмек жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, 28 шілдеде NDMA 279 адам қаза тауып, 676 адам жарақат алды деп хабарлаған болатын.

Оңтүстік Азияда маусым мен қыркүйек аралығында болатын муссондық жаңбырлар жыл сайын түрлі апаттарға себеп болып келеді.