SWNS

Өзінің жүкті екенін білмеген әйел қонақүйдің дәретханасында босанды

Канаданың Торонто қаласында демалыста жүрген 45 жастағы британиялық Хелен Грин есімді әйел күтпеген жерден қыз босанды. Әйел өзінің жүкті екенін мүлде білмеген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Хелен күйеуі және қызымен бірге 2025 жылы Канадаға 10 күндік саяхатқа келген. Алайда қонақүйдегі алғашқы түнде оның іші қатты ауырған. Алайда ол өзінің асқазаны ауырып жатыр деп ойлаған. Дәретханаға жүгірген әйел бірнеше минуттан кейін қыз баланы дүниеге әкелді. Сәбиді унитаздан алып шығуға тура келген.

Осы сәтте нәрестенің жылаған дауысынан оянған күйеуі жедел жәрдем шақырған. Отбасы небәрі 10 минуттан соң ауруханаға жеткізіліп, босану процесі қауіпсіз жағдайда аяқталды.

Хеленнің сөзіне қарағанда, оның ағзасында да, тәнінде де ешқандай өзгеріс болмаған. Бұрын бірнеше рет түсік тастағандықтан, ол өзін менопаузаға жақындап қалдым деп ойлаған. Дәрігерлер оған «криптикалық жүктілік» диагнозын қойды – бұл әйел өзінің жүкті екенін білмей жүретін өте сирек жағдай. Нәрестеге Оливия деген есім берілді.

Баланы босану процесі сәтті өткенімен, құжат тұрғысынан қиындықтар басталған. Себебі Оливияның туу туралы куәлігі де, ешқандай құжаты да болмаған.

Канададан шығу үшін отбасы дәрігерлерден және парамедиктерден анықтамалар жинап, босану процесі қайда өткенін түсіндіруге мәжбүр болды.

Құжат мәселесі шешілгенше оларға тағы бір айға Торонтода қалуға тура келген. Осы уақыт ішінде отбасы Ниагара сарқырамасын тамашалап, Си-Эн Тауэрге көтеріліп, тіпті үш бейсбол ойынына барған.

Хеленнің айтуынша, аптаның жұмыс күндері олар құжат іздеп әуре болса, демалыс күндерін жаңа жерлерді көруге арнаған.

Гриндер отбасы 25 маусымда ғана еліне оралды. Бірақ жоспарланбаған ұзақ сапар оларға қосымша 12 200 доллар шығын әкелді:

5 400 доллар – медициналық қызметке;

2 700 доллар – қонақүйге;

1 400 доллар – басқа да шығындарға.

Дегенмен, ерлі-зайыптылардың айтуынша, сақтандыру бұл шығындардың басым бөлігін жабуы тиіс.