Өзгермелі әлемдегі Азия: Жасанды интеллект және қауіпсіздік
Ақпараттық коммуникациялық технологиялар адамдардың өмірін, жұмысын, оқуын және қарым-қатынасын өзгертеді. Инклюзивті цифрлық шешімдер дағдыларды дамытып, өмір сүру деңгейін жақсарту үшін технологияны пайдалануға көмектеседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Жаһандық өзгерістерді ескере отырып көптеген мәселе цифрлық әлемде өзгерді. Цифрлық технологиялар адамдарға өз ықпалын айтарлықтай тигізіп жатыр.
Орталық Азия интернеттің барлығына қолжетімді және ашық болуын қамтамасыз ету үшін интернеттің әмбебаптығы көрсеткіштерін дамытып жатыр. Инклюзияға ықпал ететін, барлығы үшін артықшылықтарды қамтамасыз ететін және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланатын цифрлық саясаттарды әзірлеуге күш салынып келеді. Интернетті тиімді басқару да барлық пайдаланушы үшін қауіпсіз және ашық кеңістікті қамтамасыз етудің басымдығы саналады.
Өздеріңіз білетіндей, коронавирустың өршуі әлемдік қауымдастық пен мемлекеттерді интернет пен цифрлық өлшемнің күшіне сендірді. Жаңа технологиялардағы осы тұрақты өзгерістердің барлығы АҚШ пен Қытай 5G үшін бәсекелесіп, технологиялық жарыстың прецедентін құратын халықаралық қатынастар құрылымына қатты әсер етеді.
Бұл тұрғыда әлемдік тенденциялардан аулақ болу қорқынышы елдер мен қоғамдарды жаңа шындыққа бейімделуге мәжбүр етеді. Осыған орай Қазақстан мен Еуразиялық кеңістіктің бірқатар мемлекеттері экономиканы әртараптандыруды, сауда қатынастарын, әлеуметтік өзгерістерді, қауіпсіздік мәселелерін қамтитын өздерінің цифрлық күн тәртібін құрып жатыр.
Елордада жақында ғана «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» тақырыбында Орталық Азия форумы өтті.
Әлем бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси өзгерістердің алдында тұр. Үдемелі сипаттағы жаһандану аясында аймақтандырудың жаңа форматтары қатар артып келеді. Мұның бәрі қауіпсіздік архитектурасын қоса алғанда, халықаралық қатынастардың жаңа ережелері мен тетіктерін орнатуда бәсекелестіктің күшеюін тудырады. Бұл тұрғыда Азия саяси және геоэкономикалық тартымдылықтың негізгі орталығы мәртебесіне ие болады. Сондықтан Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» тақырыбына арналды.
Пікірталас «Азияның жаһандық қауіпсіздігі: болашақ мүмкіндіктері», «Еуразияның жаңа континенттік өзара байланыстылығы: орта дәліз және интеграция диалогы», «Инновациялар мен «ақыл-ой» үшін жаһандық бәсекелестік: жаңа технологиялар, жасанды интеллект және адами капитал» және т.б. тақырыптарда ұйымдастырылды. Оған Жапония, Қытай, АҚШ, Үндістан, Сингапур, Ресей, Түркия және өзге елдердің сарапшылары қатысты.
Трансұлттық компаниялар халықаралық саясатты қалай өзгертеді?
Йель университетінің өкілі, Meta корпорациясының қоғамдық саясат жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Шу Чен трансұлттық компаниялар халықралық саясатты қалай өзгертіп жатқаны туралы айтып берді.
Соңғы 10 жылда технологиялар сұраныста. Мысалы, қытайлық Alibaba компаниясы бар. Олар қазіргі күні нарықта көптеп пайда бола түсуде. Мысалы, Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарында да Қытай және Америка технологияларының көп екенін байқауға болады. Бұл технологияларға қаншалықты сенімділік бар? Алдымен осы жайында әңгіме қозғайық. Мысалы, белгілі бір деректердің тарап кетуі және олардың сақталуы. Біз адамның өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін технологияларды тәжірибеден өткізген болатынбыз. Пандемиядан кейін деректерді кім өңдеп, әрі қарай бақылайтынын қарастыру керек екені түсінікті. Карантин кезінде адамдарды қадағалап, бақылау керек болды, ал енді пандемия аяқталғаннан кейін деректердің көптеп жиналғанын көріп отырмыз. Бұл белгілі бер сенімсіздікті туындатуы мүмкін. Осы ретте америкалық, қытайлық компаниялар қосымшаларға байланысты пікірлерін білдіріп жатыр, - деді сарапшы.
Йель университетінің өкілі атап өткендей, Орталық Азияда, Қазақстанда қауіпсіздік мәселелерінде тек қосымшаларды қолданып қана қоймай, сонымен бірге бұл қосымшалар қалай әзірленетіні маңызды. Мысалы, қазақ тілі барлық интерфейсте бола бермеуі мүмкін. Осы мәселе бойынша Қазақстан Telegram және Netflix-пен келісімге келді. Яғни олардың интерфейсінде қазақ тілі болады. Бұл фактор қосымшаға деген сенімділікті білдіреді және оны дәлелдейді.
Мысалы, Қытайда Alibaba мен AliРay қосымшаларын барлығы пайдаланады.
Компаниялар әртүрлі цифрлы бағдарламаларды жасап, клиенттердің өмірін жеңілдетуге тырысып жатыр. Қазір жасанды интеллект тредке айналып келеді.
Шу Чен цифрлы технологиялар саласына таланттарды қалай тарту керегі жайлы ойын айтты.
Бұл салаға таланттарды тарту керек. Оларды жай ғана шақырып қоя салмай, оларды таңдап, бәсекелестікті ұсынып, әлеуметтік пакет беру қажет. Елде таланттарды тәрбиелеу керек. Неге біз сырттан шақыруымыз керек? Осы ретте жұмыс орындарының, білім мәселесі өте өзекті. Технологиялар арқылы көптеген жұмыс орындары жабылады. Себебі барлық прогресс технологияларға негізделген. Әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін әлемнің кез келген жерінде отырып жұмыс істей алатынымызды түсіндік. Мысалы, Ташкент қаласының мамандар бізге бағдарламалар жасай алады. Бұл салада Орталық Азияның әлеуеті жоғары. Мысалы, мен тұрып жатқан қонақ үйде барлық жағдай жасалған, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде ақпарат қолжетімді. Бұрын үлкен компаниялар Ресейде болса, қазір олар Қазақстанда. Яғни бұл жерде өңірлік хаб құрып жатыр, - деп түсіндірді сарапшы.
«Жасанды интеллекттің ақылы барған сайын арта береді»
Тәжікстандағы Zypl.AI компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Азизжон Азими жасанды интеллекттің Орталық Азияға әсері қандай болатыны жайлы сөз қозғады.
Қазіргі уақытта Тәжікстанда индустрияландыру жүріп жатыр. Үкіметтің басым назары - жаңа жұмыс орындарын ашу. 5-10 жылдан кейін еліміз орта дамушы елдердің қатарына кіруі керек. Елімізде президенттің саяси стратегиясы бар. Біздің компаниямыз бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша финтех компанияларға талдау жүргізіп, балама деректерді қарастыру үшін ресурстар ұсынады. Компания стартаптарының іс-қимылдары қандай? Тәжікстанда теңізге шығатын жол жоқ. Осы ретте біз елімізде стартаптарды қалай дамытамыз? Оларды нарыққа қалай шығарамыз? Жасанды интеллектіге салынған инвестициялардың арқасында оларды экспортқа шығара аламыз. Бағдарламалық қамтамасыз ету компанияларын құрсақ, ол бізге бірегей мүмкіндік беретін еді. Бұл дамушы елден өркендеуші, дамыған ел деңгейіне дейін жетуге септігін тигізеді. Бұл келесі 10 жылдықта болады, - деді тәжікстандық сарапшы.
Азизжон Азими әлемде және Орталық Азиядағы ең ірі сын-қатер қандай екенін айтты. Сөзінше, бұл этика және реттеушілік нормалар.
Жасанды интеллекттің ақылы барған сайын арта беретін болады. Үлгілері жылдан-жылға жақсарып, жетілдіріле түседі. Қазір біз барлық нейрожелі арқылы деректерді өңдейміз. Мәселе – ол процесті кім басқаратынында, оны реттеп, мониторинг жүргізуінде. Олардың барлығы - маңызды мәселе, - дейді Zypl.AI компаниясының негізін қалаушысы.
Ол өзінің отандастары Astana Hub-қа өздерінің стартаптарын ұсынғанын айтып, қазақстандық әріптестеріне жастарға осындай мүмкіндік беріп отырғанына алғыс айтты.
«Цифрлы экономикада шекара болмайды»
Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің Нәтижелерге қол жеткізу басқармасының үйлестірушісі Азиза Омарова өз елінде IT саласына келетін мамандарға қандай жағдай жасалып жатқанын айтып берді.
Біздің цифрландыруға өтуіміз – саясаттың бір бөлігі. Қазір Өзбекстанда 5G станциялары орнатылып жатыр. Біздегі маңызды мәселе – ол адами капитал. Адами капиталды қалай ынталандыруға болады? 2022 жылы 25 ақпанда 25 чартерлік рейс Минскіге жіберілді. Бұл Өзбекстанның IT қоғамдастығының бастамасы болатын. IT виза деген бар. Яғни ол жоғары білікті IT мамандар үшін. Олар елден шығып, отбасымен басқа елге бара алады. IT-парк оларға миграциялық құжаттарын реттеп, балаларын мектепке орналастыруға көмектесе алады. 60 ірі шетелдік компания Ташкентке шақырылды. Елімізде аутсорсинг үш есе өсті. Мысалы, соңғы 2 жылға инвестицияға 1 млрд АҚШ долларын жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Сонымен қатар «Жергілікті деңгейдегі халықпен қалай жұмыс істеу керек? Олардың елде қалып, жұмыс істеуіне қандай мүмкіндік жасаймыз?» деген сұрақтардың жауабын айтты.
Бұл салада да қолайлы жағдай жасау керек. Өзбекстанда жас мамандарға арналған екі бағдарлама бар. Біріншісі – ағылшын тілді ұлт. Егер ағылшын тілінде сөйлей алатын болсаңыз, сізге көп қаржы бөлінеді. Жас IT мамандарға тіл үйрету үшін оқытушыларды жалдаймыз. Одан кейін емтихан тапсырады. Емтиханнан 80 пайыздан астам ұпай жинау қажет. Өзбекстанда ағылшын тілі бойынша бағдарламалар өте көп. Біз балаларға IT курстарын оқытамыз. Егер балада ағылшын тілінің сертификаты болса, онда IT курс тегін болады. Оның шығындарын біз өтейміз, - дейді Азиза Омарова.
Сарапшының сөзінше, бағдарламаларға қатысып, халықаралық бизнестің біл бөлігі атануға болады.
Ол өзбекстандық Мұрат деген жас жігіттің әрекетін мысалға келтірді.
Мұраттың жасы 18-де. Ол шалғай ауылда тұрады. Ауылы Ташкенттен 4 сағаттық жерде орналасқан. Мұраттың ауылында интернет болмаған. Ол 15 жасқа толғанда ауылына интернет жетеді. Кейін ол IT саласына қызыға бастайды. Сөйтіп ол IT тақырыбына қатысты түрлі курстарды тауып алып, жасанды интеллектінің не екенін оқи бастайды. Үздік университеттердің бағдарламаларымен танысып, тегін грант ұтып алады. Бізде Мұрат сияқты жастар көп. Яғни олар - жастардың ұлттық үлгісі, - деп түсіндірді Нәтижелерге қол жеткізу басқармасының үйлестірушісі Азиза Омаров.
Азиза Умарова қазіргі күні қолмен, күшпен жұмыс істеудің керегі жоқ екенін айтады. Сарапшы үйде отырып, интернет арқылы жұмыс істеуге болатынын атап өтті.
Географиялық тұрғыдан Өзбекстанның теңізге шығатын жолы жоқ. Ал цифрлы экономикада шекара болмайды. Ешқандай шектеулер жоқ. Өте тиімді әдіс, - деді ол.
Сонымен бірге Саяси зерттеулер орталығының (АҚШ) Халықаралық қауіпсіздік, сауда және экономикалық басқару (PISCES) жобасының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова қазіргі күні Орталық Азия жаңа технологиялардың өркендеуін бақылап отырғанына тоқталып, оған көшуге үлкен қадамдар жасап жатқанын атап өтті.