Жаңалықтар

"Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company"-дың лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырған

"Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company"-дың лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырған
Фото: kmg.kz 21.04.2023 20:46 1765

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Өзенмұнайгаз" АҚ және "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп күдіктелуде.

 Жаңаөзен қаласы тұрғындарының "ҚазМұнайГаз" АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізуде.  Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде.  

 Бұдан басқа, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғалары мен "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшылығына қатысты 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізілуде.

 "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.

 Аталған іс-қимылдармен"БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз.

 Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге бағытталуына жұмсалуына болатын еді. Бұл жағдайлар компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды.

 Тергеу барысында аталған фактілер тексерілуде. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға