Жаңалықтар

«Өзенмұнайгаз» АҚ қаржы-шаруашылық қызметін тексеру кезінде бұзушылар бары анықталды

«Өзенмұнайгаз» АҚ қаржы-шаруашылық қызметін тексеру кезінде бұзушылар бары анықталды
Фото: ozen.kz 13.05.2023 13:27 781

Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) арнайы жұмыс тобының «Өзенмұнайгаз» (ӨМГ) және қаланың мұнай сервис кәсіпорындарының қызметін тексеру бойынша жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі уақытта мамандар бір типті су жылыту қондырғыларын қайта жаңарту кезінде жұмыс құны арасындағы айтарлықтай айырмашылықты анықтады. Мәселен, 3 су жылыту қондырғысын (ВГУ-1 №3 МГӨБ) қайта жаңартудың жалпы құны қосылған құн салығымен бірге 525 млн 482 мың теңге болған, ал бір ғана қондырғыны (ВГУ-3а-С №1 МГӨБ)  қайта жаңарту құны қосылған құн салығымен бірге 380 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл – осыған ұқсас №3 МГӨБ қондырғысын жөндеуден 2 есе қымбат. Мұндай үлкен айырмашылықтың себептерін мамандар анықтап жатыр.

Сондай-ақ сатып алу қызметін басқару стандартына сәйкес, ӨМГ мен «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында 2022 жылы жалпы сомасы 2 млрд 582 млн 699 мың теңгеге ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарына келісімшарттар жасалған, жұмыстың жалпы көлемі – 371 ұңғыманы жерасты жөндеу (немесе 30 040,7 бригада-сағат), - деп жазылған ҚМГ баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

Тексеру барысында ӨМГ Бюджет кодексінің 97-бабының 6-1 тармағын бұзғаны, атап айтқанда жалпы сомасы 26 млн 951 мың теңгеге тең, жұмыс уақыты 300 сағатқа артық көрсетілген орындалған жұмыс актілерін қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар, орындалмаған жұмыс көлемі белгілі болды. Себептері нақтыланып жатыр.

Жұмыс тобы ӨМГ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ сатып алу тәртібінің нормаларын сақтамай, 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қаңтарына дейін және 2023 жылдың наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін АИ-95 маркалы бензинді жүргізушілердің жалақы алатын карталарына қаражат аудару арқылы сатып алып келгені белгілі болды. 

Сондай-ақ, биыл қаңтарда ӨМГ сатып алу тәртібін бұза отырып, күнделікті және (немесе) апта сайын қажет тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға бекітілген тізбесіз көлемі 69 тонна АИ-95 маркалы бензин сатып алған көрінеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға