Жаңалықтар

Өзбекстанның Шыршық қаласында қазақстандық университеттің филиалы ашылды

Өзбекстанның Шыршық қаласында қазақстандық университеттің филиалы ашылды
Фото: gov.kz 17.08.2024 20:02 544

Бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық өтінім түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының және «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қатысып, осы филиалдардың ашылуына бастама берді.

Қазіргі уақытта М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Филиал директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық өтінім түскен. 18 білім беру бағдарламасы бойынша Бостандық, Қыбрай, Жоғары Шыршық аудандарының талапкерлері құжаттарын тапсыруда.

Бүгін филиалға Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов арнайы келіп, филиал жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесіп, филиалдың жұмысына оң баға берген Бейбіт Бәкірұлы екі ел арасындағы ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға қосқан үлес оң септігін тигізетініне кәміл сенетінін атап өтті.

Филиалға құжат өткізгендердің қарасы қалың. Солардың бірі – жас талапкер Айгүл Құдайбергенова есімді білім алушы. Ол филиалдың алғашқы студенті болғандығын мақтан етеді. Оның жанұясындағы ағаларының барлығы Әуезов университетінде білім алған.

«Сол ағаларымның ізін жалғап мен де осы оқу ордасында білім аламын деген шешімге келдім. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша. Өйткені мен ешқайда бармай-ақ осы филиалда білім аламын. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік», - деді жас талапкер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға