pexels

Өзбекстанда қосылған құн салығын 1%-ға дейін төмендету ұсынылды

21.07.2025 15:00

Өзбекстанда ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жұмыс істеу барған сайын қиындап барады. Өнімнің өзіндік құны өсіп жатыр, салықтық жүктеме жоғары, ал табыс азаюда. Осы мәселелер кәсіпкерлер мен экспорттаушылар кездесуі барысында көтерілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.

Фермерлер ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 12%-дан 1%-ға дейін төмендетуді ұсынды.

Идея авторы – кәсіпкер Бекзод Маматқұловтың айтуынша, қазіргі аграрлық сала шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп отыр.

Минералды тыңайтқыштар, жанармай мен су қымбаттап жатыр, ал мемлекеттік қолдау жеткіліксіз, – дейді ол.

Қазақстандағы жағдай ұқсас

Айта кетейік, осындай проблема Қазақстанда да бар: ҚҚС мөлшерлемесі – 12%, ал мемлекеттік қолдау көбінесе ірі агроқұрылымдарға бағытталған. Шағын фермерлер субсидияларға, қаржыландыруға және экспорттық жеңілдіктерге жиі қол жеткізе алмайды.

«50 гектар жермен қалай күн көреді?»

Маматқұловтың компаниясы 30 мың гектар жерді өңдейді, оның ішінде 10 мың гектар – жеке меншікте, қалғаны – келісімшарт бойынша.

Осындай ауқымда да жұмыс істеу қиынға соғып отыр. Ал 50 гектар немесе одан аз жері бар фермерлер қалай күн көреді?, – дейді ол.

Су тапшылығы – егіннің жауы

Кәсіпкердің айтуынша, ең алдымен суару жүйесі мақта мен бидайға бағытталады. Қалған дақылдар қалдық суға тәуелді.

Нәтижесінде, бұршақ, көкөніс және бақша дақылдары үлкен зиян шегіп отыр. Ұқсас жағдай Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда Түркістан мен Жамбыл облыстарында да байқалады – мұнда су жетіспеушілігі тіпті негізгі дақылдарға кедергі келтіруде.

Құжат жоқ – шегерім де жоқ

Фермерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе – салықтық есептілік. Маматқұловтың айтуынша, фермерлер кіріс шот-фактурасын бермейді, соның салдарынан экспорттаушылар ҚҚС шегерімін рәсімдей алмай қиналады.

Ақша банк арқылы өтеді, бірақ қажетті құжаттар жоқ. Сосын сандалу басталады: шағым жазу, заңгер тарту, тіпті прокуратураға жүгінуге тура келеді, – дейді кәсіпкер.

Негізгі соққы – салық жүктемесі

Фермерлердің пікірінше, 12 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесі агросекторға ең үлкен соққы болып отыр.

Еуропада фермерлерге көмек көрсетіледі, Түркияда ҚҚС мөлшерлемесі – небәрі 1 пайыз. Бізде де осы жолды ұстанып, бұл салықты кем дегенде 2–3 жылға төмендету керек, – деді Маматқұлов.

Бұрынғы тиімді шаралар жойылған

Кәсіпкер еске салды: 2020 жылы президент жарлығымен экспорттық мәмілелерді сақтандыру және қаржыландыру бөлу қарастырылған болатын. Алайда қазір бұл шаралардың көбі жойылған немесе бюрократия салдарынан қолжетімсіз болып отыр.

Шынымен жұмыс істеген жүйелерді қайтару керек, – дейді ол.

Фермерлер тағы бір маңызды мәселеге назар аударды – экспорттағы төменгі бағаның белгіленуі. Кәсіпкердің айтуынша, бұл баға әлемдік нарықтан мүлдем алшақ.

Өзбекстан билігі кәсіпкерлер ұсынған бастамаларды қарастыруға уәде берді.